Жемқорлық

Жемқорлық (лат. corruptio - сатып алу) — мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері. Жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлік құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алу, туыстық, жерлестік, т.б. жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің құрт асқынуына ұрындырады. Сонымен қатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жаппай жемқорлыққа салынған жағдайда құқық қорғау органдары оларды жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады. 1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан осы конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылы 2 шілдеде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заң қабылдады.

2