«Ұлы заманның, ұлы тұлғасы»

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. Мұқанов Сәбит Мұқанұлына биыл – 115 жыл толып отыр.  Осыған орай «Приозерск қалалық кітапханасы»  коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде 2015 жылдың 21 сәуірінде «Ұлы заманның ұлы тұлғасы» атты көрме ұйымдастырылған   болатын. Көрмеге қаламгердің кітап қорында бар кітаптары қойылды. Сонымен қоса өмірі мен шығармашылығына арналған слайдпен де  таныстырылды. Слайдпен  таныстыру барысында С.Мұқановтың баласы болған ба?, қай жерде жерленген?, Ең алғаш қандай өлең жазған?  деген сияқты оқырмандар түрлі сұрақтар қойды. Кітап көрмесі осылайша әдемі бір пікірталасқа ұласты.  Көрменің мақсаты: жазушы туралы толық мәлімет бере отырып, жас жеткіншектерге қаламгердің туындыларын насихаттау. Қысқаша ірі-ірі шығармаларына тоқталу арқылы, кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Көрмеге орта буын оқушыларымен бірге бастауыш сынып оқушылары да қатысты. 

Ия, Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді,  идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.

 Өткен ғасырдағы алыптарымыздың бірі – Сәбит Мұқановқа қазақ әдебиетінің аға жазушылары  М.Әуезов: «Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі» десе, Ғабит Мүсірепов: «Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия»  деді, ал Мұхаметжан Қаратаев «С.Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді»  деп баға берген болатын.

Шынымен де қазақтың бағына жаратылған ұлы тұлғаларымыз аз емес.  Олар жайлы әлі де көп жазылады, жазған құнды еңбектері саф алтындай сақталып, оқырман назарына ұсыныла берері сөзсіз...!

 

Балалар бөлімінің кітапханашысы: К.Т.Курманбекова

DSCF1995 DSCF2008