Мейірман Нұрекеев

    Қазақ өнеріндегі тұлпар тұлғалар ғасырдың әр кезеңінде қылаң беріп, оқ бойы озық көрініп отырады... Оның әрқайсысын уақыт белгілейді, халық таңдайды.

     Мейірман Нұрекеев – ХХ ғасырдың 70-інші жылдарында өнер сахнасына шығып-танылып, 90-ыншы жылдардың аяғына қарай фәни дүниемен қош айтысқан қайталанбас тұлға.

     1972 жылы М.Нұрекеев Арқалықтағы жаңа ашылған музыкалық драма театрында актерлік қызметін бастады да, кейіннен Қазақтың балалар және жасөспірімдер театрының, сонан соң М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына көтеріліп, ондаған спектакльдерде сан түрлі рольдерді сомдады, «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген әлденеше көркем фильмдерде негізгі рольдерде орындап шықты.

     Алайда өнер шеберінің актерлік жарқын тұлғасы 80-інші жылдарда қазақ сахнасының інжу-маржанына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауындағы қойылымдармен  ерекше биік сипат алған болатын.