«Өмір, мен саған ғашықпын»
2017 жылдың 27 қыркүйегінде Приозерск қалалық кітапханасы коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баяндалған «Туған жер» жобасы аясында Қарағанды облысының тумасы көрнекті этнограф, жазушы, публицист, әдебиеттанушы Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің «Өмір, мен саған ғашықпын» қалалық әдеби-шығармашылық байқауын өткізді.
Ақселеу Сейдімбек – белгілі этнограф, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халқымыздың тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлеткен халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі бола білген, ұлт руханиятының жанашыры. Ұлы тұлғаны ардақтау, ұлтын сүйген қоғамның парызы мен міндеті болса керек.
Байқаудың мақсаты, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін кеңейту, көркем әдебиет пен көсемсөз жанрын жандандыру, өзіндік жазу өрнегі бар жас ақындар мен жазушыларды, көсемсөз шеберлерін анықтау, ұлы дала тарихы мен мәдениеті, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық болмыс мәселелеріне арналған шығармаларды насихаттау, шығармашылығымен танылып жүрген оқушылар мен жастарға қолдау көрсету.
Көсемсөз шеберлерінің бәйгесіне жалпы орта білім беретін №1, 2 мектептердің 8-11сынып оқушылары қатысты. Байқау сарапшылары үміткерлердің туындыларын бағалау кезінде шығарманың мазмұнына, мәтіндегі сөз қолданысына, ұйқасына, ой жүйелігі мен тереңдігіне, тілінің көркемдігі мен шеберлігіне, тақырыпты ашуына баса назар аударды. Айтын Толғанай, Ашим Айгерім, Жайлыбай Сымбат, Аманбаев Нұрсұлтан, Юнус Айгүл сынды оқушылар алғыс хаттармен марапатталса, жүлделі ІІІ-орынды Арыстанбеков Нұрасыл, ІІ-орынды Рахманберді Ботакөз, І-орынды Күбеген Гүлсім иеленді.
Ұлтқа ұйтқы болған Ақселеу Сейдімбектей асылдың қазыналары ұрпақтар санасында жаңғыра бермек.