«Ұмытылған кітаптар»
«Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде бүгін, яғни 14 – сәуір күні балалар апталығы өз жұмысын жалғастырған болатын. Жоспарға сай бұл күннің тақырыбы ұмытылған кітаптар яғни біздің ата - әжелеріміздің сүйіп оқыған кітаптарына арналды. Дәстүрлі емес көрменің мақсаты: ата - әжелеріміздің оқыған кітаптарын оқырман назарына ұсына отырып, тәрбиелік мәнінің зор екенін түсіндіру, жас жеткіншектерге, бүлдіршін балаларымызға батырлар жырының мәнін, дастандардың түрлерін насихаттау болып табылады.
Көрмені құру барысында, ересек оқырмандар кітапханасының тұрақты оқырман әжелерімен «Сіз сүйіп оқыған кітап» атты сауалнама жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде кітап көрмесіне қоятын кітаптар тізімі анықталды. Аталмыш көрмеге «Батырлар жыры», қисса –дастандар, аңыздар, қара өлең жинағы, жалпы айтқанда фольклорлық шығармалар қойылды. «Фольклор» - балалар әдебиетінің қайнар көзі болып есептеледі. Сондықтан балалар тәрбиесінде үлкен рөл атқаратын ол – қазақ ертегілері.
Сол себепті келген оқырмандарға қазақ ертегілерінің аудиокітаптары да ұсынылды. Оқырмандарымыз түрлі сұрақтар қойып, өздерінің кітапқа деген қызығушылықтарын білдіріп жатты. Мұндай жүздесулер баланың өз ойын ашық әрі көркем тілде жеткізе білуге талпындырды.
Аталмыш көрмеге 5 сынып оқушылары жетекшілерімен бірге қатысса, кітапхананың отбасымен оқитын тұрақты оқырмандары да келіп қызығушылық танытты. Іс-шараның соңында балалар қазақтың салт-дәстүрін, әдет ғұрпын насихаттайтын «Атамұра» орталығында интерактивті тақтадан «Дәуіт пен қарлығаш», «Емен түбін жайлаған шошқа», «Түлкі мен қырғауыл» жайлы аудиокітаптарды тыңдады.