«Сырласу» клубы ашылды

«Приозерск   қалалық кітапханасы»  КММ-де  22- мамыр күні алғаш рет зейнеткерлер мен қарттарға арналған «Сырласу»  клубының тұсауы  кесілді. Қазіргі таңда кітапханаларда түрлі клубтар ашу дәстүрге айналып отыр. Мұндай клубтардың басты мақсаты оқырмандардың бос уақытын   ұйымдастыру, келешек ұрпаққа үлгі –өнеге болатын қарттарымызды күнделікті күйбең тірліктен арылтып, пайдалы іспен шұғылдануына жол ашу.

20150522_160738 20150522_160835 20150522_163942 20150522_165104

Клубтың ашылу салтанатына кітапханамыздың тұрақты оқырманына айналған зейнеткер апаларымыз арнайы шақырылса, қаламаздың құрметті азаматшасы   ардагерлер ұйымының төрайымы  Талмекеева Рыс Арысбекқызы  «Сырласу» клубының лентасын қиып, батасын берді. Қазақтың дәстүріне сай ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып өздерінің көрегендігін көрсетті.Кештің басын өздерін таныстырудан бастауды жөн көрдік. Ата-әжелеріміз өздерін таныстырумен қатар бір –біріне деген,  кітапханаға деген  жылы лебіздерін, ақ тілектерін ақтарды. Іштерінде поэзияға жақын,  әлі де болса кітапты сүйіп оқитын, есте сақтау қабілеті өте жоғары  Ырысқал апамыз болса, іштерінде қағытпа әзіл –қалжыңдарымен, шешендігімен көзге түскен апаларымыз да болды. Клуб мүшелерінің басшысын сайлап, қасына көмекшілерін де таңдап алуды жөн көрдік. Жалпы апаларымыздыңкүш –жігері, қажыр-қайратының әлі де болса мұқалмағанына көзіміз жетіп  бір қуанып қалдық. Аталарымыз бен әжелеріміз әлі де болса қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысып, іс-шаралар ұйымдастырып, берекелі бастамалар мен игі істер ұйытқысы болатынын дәлелдеді.
Әзірге клубтың құрамында 10 зейнеткер бар, алдағы уақытта  жұмыс өз жалғасын тауып, олардың қатары көбейе  түсетініне  сеніміміз мол.  «Қарты бардың қазынасы бар» деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Салтымызды,   жөн-жоралғымызды қаймағын бұзбай жас ұрпақтың санасына сіңіріп отыратын қарттарымыз аман болсын  деп тілейік..!

 

Оқырмандарға қызмет ету бөлімінің                                                     кітапханашысы:                                                                       Есенбаева Г.Г