«Тарихтағы ұлы тұлға»
2017 жылдың 22 қыркүйегінде «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу бөлімінде Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына орай «Тарихтағы ұлы тұлға» атты тарихи сағат өтті. Іс-шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары мен № 1 мектептің 10 сынып оқушылары қатысты. Мақсаты: Қазыбек бидің өмірі, қызметі, даналықтары туралы білімдерін толықтыру. Би деген атауға түсінік бере отырып, қазақ халқының атақты билерінің ұрпақ келешегі үшін аянбай қызмет атқарғанын дәріптеу.
Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол - қазақ пен қалмақ хандықтары атысып-шабысып тұрған жаугершілік заманда елшілікке жүріп, көршілес екі елдің арасын уақытша болса да бітімге келтірген парасатты мәмлегер. Қазақ қауымының қарым-қатынасын реттейтін «Жеті жарғы» атты әдет-ғұрып заңдарының жинағын жасауға қатысты. Ол халықтың ақыл-ойын, ауыз әдебиетін, мәдениетін дамытуға игі ықпал жасаған. Өткір тілдігі мен шешендігі үшін Қаз дауысты Қазыбек атанды.
Іс - шара барысында кітапханашы М.Айтжанова Қазыбек бидің өмірбаяны мен шешендік жолы туралы жастарға мол мағлұмат берді. Кітапхананың оқырмандары және оқушылар Қазыбек би жайлы өз ойларын айтып бөлісті. Оқырмандар назарына «Қаз дауысты Қазыбек би» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.