Тілімізді құрметтейік
2017 жылдың 20-қыркүйегінде Приозерск қалалық кітапханасы КММ-нің балалар бөлімінде 22-қыркүйек Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдері күні қарсаңында «Тілімізді құрметтейік» атты тәрбие сағаты өтті. Іс-шараға № 2 мектептің 3-5 сынып оқушылары қатысты.
Аталмыш тәрбие сағатының мақсаты оқушыларға, оқырмандарға мемлекеттік тіл – ана тіліміздің қадыр-қасиетін ұғындыру, балаларды тілді құрметтей білуге баулу, пікір алмасу арқылы сөздік қорларын молайту, ой-өрісін кеңейту, жас ұрпақтың ұлтжандылық сезімін оята отырып елін, жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады, әрбір ұлттың ең үлкен, ең негізгі анасы туған тілі болып саналады. Ана тілі-әрбір ұлттың, ұлыстың мақтанышы, қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы. Қазақстанның мемлекеттік тілі-қазақ тілі. Елбасы өз жолдауында «Ұлттық тіл – қазақ ұлтының рухани, мәдени байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші қасиетті құрал» деп көрсеткен болатын. Сондай-ақ, кітапханашылар рухани жаңғыру бағдарламасы аясында латын әліпбиін меңгеру уақыт талабы екендігін жас жеткіншектерге түсіндіріп, «Латын әліпбиі әлеммен қауыштырады» атты көрме мазмұны жайында әңгіме өрбітті.
Тәрбие сағаты барысында танымал ақындардың тіл туралы патриоттық рухтағы мазмұнды өлеңдері оқылып, әндер орындалып, биден шашу шашу шашылды. «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз», «Тіл-ұлттың жаны» атты кітап көрмелері таныстырылды.