Тәуелсіздік деп соғады жүрегім
«Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде 2015 жылдың 14 желтоқсанында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты патриоттық - композициялық кеш ұйымдастырылған болатын. Іс-шараға 4 – 6 сынып оқушылары қатысып, ал көрермен ретінде 8-9 сынып оқушылары жетекшілерімен бірге шақырылған болатын.
Басты мақсатымыз – оқырман қауымға жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздан айырылғанымызды ұмытпай Желтоқсан көтерілісі туралы мәліметтер беру. Жасөспірімдерді Отанын сүюге, құрметтеуге, Желтоқсан құрбандарына әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, ел мен жердің қадір – қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.
«Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты мерекелік тәрбие сағатымызды Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастаған болатынбыз. Кешімізде патриоттық әндер әуелете шырқалса, бишілеріміз мың бұрала билеп, тақырыпқа сай көркем сөз оқылып, шағын көріністе қойылды. Көрінісіміздің барысы желтоқсан көтерілісіне қатысқан батыр қызымыз Ләззат Асанованың қайтпас- қайсар ерлігі үшін қойылған ескерткіші жайлы болды. «Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш басында» атты шағын көрінісімізге қатысқан оқырмандар өздерінің актерлік шеберліктерімен көзге түсті. Кеш соңында тақырыпқа сай құрылған «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым - Желтоқсан» және «Қазақстан Тәуелсіздік жолында» атты кітап көрмелері таныстырылды. Көрмеге тәуелсіздік туралы , Елбасымыз жайлы кітаптар, желтоқсан құрбандарының фотосуреттері және олар жайлы мәліметтер қойылды. Кешке тұрақты оқырмандармен қоса олардың ата-аналары да қатысқан болатын. Кеш соңында ата-аналар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бейбіт өмір тіледі.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын! Тәуелсіздік күнінің қарсаңында біз барша Қазақстан халқын қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі болып отырған айрықша мерекемен құттықтаймыз!