«Тәуелсіздік-елімнің шамшырағы»
2017 жылдың 15 желтоқсан күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кітапханашылары №1 қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен «Тәуелсіздік – елімнің шамшырағы» атты дөңгелек үстел өткізді.Мақсаты: оқушыларға еліміздің тәуелсіздік алғалы 26 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерімізбен таныстыру, білімдерін кеңейту, отанды сүюге, ел байлығын қорғауға, болашақ Отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді адамдар керек екенін ұғындыру. Бүгінгі тәуелсіздікке қалай қол жеткенін зерделеу, оларды Отаны үшін отқа түсетін ел жанды, ел Азаматы етіп тәрбиелеу.Тәуелсіздік – бұл ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап, сарыла күткен күні. Тәуелсіздік – бұл халқымыздың туған жері үшін ақ найзаның ұшымен, ақ балтаның күшімен аянбай шайқасқан, ерен ерлігінің арқасы. Тәуелсіздік – бұл ата-бабамыздың бізге қалдырған асыл мұрасы, баға жетпес байлығы. Тәуелсіздік жолында қаншама хандарымыз, батырларымыз, ерлеріміз жанын құрбан етті. Олардың бар арманы, мақсаты – елін, жерін сақтап, азаттыққа қол жеткізіп, келешек ұрпағының тәуелсіз елде өсіп өркендеуін қамтамасыз ету еді. Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерде ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс. Оқырмандар назарына «Өткен күрестер жеңісі-Тәуелсіздік жемісі» атты кітап көрмесі құрылды.