Алақай! Жаңа кітаптар келді
Аманаты Алаштың. Балаларға арналған энциклопедия.
«Аманаты Алаштың» балаларға арналған энциклопедиялық басылымның мақсаты XX ғасыр басында Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегін жастарға үлгі ету. Алаш алыптары, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі туралы жарық көрген еңбектер де, электрондық жүйеде ақпарат та бүгінде аз емес. Дегенмен Отанын сүйетін жастарға Алаш қайраткерлерінің елі үшін, халкы үшін басын бәйгеге тігіп күрескен ерлігін жүйелі түрде қысқаша жинақтап көрсететін арнайы басылымның қажеттігі анық. «Аманаты Алаштың» балаларға арналған энциклопедиясы осы мақсатта дайындалған.
З.Наурзбаева, Л.Калаус. Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері.
Шығармада Бату атты бала мен оның достарының басынан кешкен оқиғалары негізінде, ертегі – аңыз кейіпкерлері мен тарихи деректер тәуелсіздік кезеңінің бүгінгі шындығымен байланыстырыла суреттелген Шым-шытырық оқиғалар жанрында жазылған хикаят жас жеткіншек оқырмандарды қызықтырып, қиялына қанат бітіретін тартымдылығымен баурайды.
Нұржеке – ұлы Бексұлтан. Орбұлақ өнегесі.
Бұл кітап Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығына орай шығарылып отыр. Жинақ 3 бөлімнен тұрады.
Негимов С. Шығармалары.
Бұл томда қазақтың би-шешендерінің елшілдік, мемлекетшілдік істері, дипломатиялық қызметі, тапқырлық, көсемдік, ойшылдық, даналық болмысы, әлеумет алдындағы тұтқиылдан туған асыл ойларының, билік-шешімдерінің, алтын сөздерінің көркемдік-философиялық, этикалық, индивидуалдық қырлары, жалпыадамзаттық және қазақтың классикалық дәуіріндегі құндылықтар, ұлы идеялар, көзқарастар жүйесі зерделенеді.
Замана сыры, халықтың рухы, ұлттың көркемдік дүниетаным мен мәдениеті атақты би-шешендердің өнернамасында қалайша жарқын көрініс тапқаны нақты әдеби-мәдени, тарихи айғақтармен дәйектеледі. Сонымен қатар ұлттық шешендік өнер тарихы адамзаттық ортақ игі- ліктер мен әлем ойшылдарының дара пікір-байламдарымен бірлестікте әрі ежелгі замандағы мәдени-жаһандану үрдістерімен тұтастықта қарастырылады.
«Шешендік өнер» - қазақ көркем ойының энциклопедиясы, даналық дәрістерінің әлемі.
Профессор С. Негимовтің «Шешендік өнер» кітабы жалпы сөз өнерін құрметтейтін көпшілік қауымға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған.
Шайхыұлы Е. Атақты айтқыштар.
Белгілі сатирик – жазушы Ермахан Шайхыұлының қолыңызға тиген бұл кітабына атының өзі айтып тұрғандай, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Тайыр Жароков, Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбековтерден бастап, әйгілі әртістердің, әдебиет пен өнердегі әріптестерінің, тіпті сонау ауылдағы айтқыштар мен кішкентай айтқыштар да қауып емес, тауып айтқан, қисынын келтіріп, келістіре айтқан әзіл – қалжыңдары топтастырылған.
Әдетов Б. Еңлік.
Белгілі қаламгер Бекболат Әдетовтің «Еңлік» дейтін кітабына енген шығармалары негізінен бүгінгі күннің тақырыбына – өзімізді қоршаған адамдардың тағдыр – талайына, қуанышы мен ренішіне, сүйініші мен күйінішіне арналыпты.
Қ.Қайсенов. Жау тылында.
Ұлы Отан соғысын бастан-аяқ Украина және Белоруссия жерінде, қалың орман ішінде партизандармен бірге қан майдан кешіп өткізген қазақ халқының қаһарман ұлы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің жау тылында өткен өмірі сұрапыл оқиғаларға толы. Қасым аға соғыс бітіп, кеңес халқы толық жеңіске жеткеннен соң елге оралғанда қолына қалам алып сол оқиғаларды қаз-қалпында қағазға түсірген болатын. Батырдың басынан өткен оқиғалары жеке-жеке әңгімелер күйінде де, автордың өлім мен өмірдің арасында арпалысқан кездеріндегі біртұтас оқиға-хикаяттар ретінде де өте қызықты баяндалады.
Көпіш Ә. Мәңгілік майдан.
Күні кеше ғана мәңгілік Уақыт қойнауына кеткен - XX ғасырда, бүкіл адамзаттың тағдырымен бірге, қазақ халқының өзегін жойқын тарихи-әлеуметтік қасіреттер тілгілеп өтті. Ен далада бейбіт, бейтарап өмір сүріп жатқан халқымыз Ресей империялық күштерінің қанкұйлы басқыншылығы мен опасыз отаршылдығын, орыс патшалығын ысырып, тарих сахнасына зорлықпен келген әкімшіл-әміршіл кеңестік - Қызыл империя жүйесінің ұлттық ой-санамыз бен рухани даралығымызды қирата күшпен тойтаруын, жаңа қоғам әкеліп орнатқан екіжүзділік пен сатқындықтың бұрында құлақ естіп, көз көрмеген - қанды оқиғаларын бастан кешірді. Осыны ұрпақтар ұмытпауы керек.
Автор "Мәңгілік майдан" (бір жанның мыңжылдық қасіреті) атты тарихи-психологиялық роман-дилогиясының 2-кітабында 1916 жылғы бүкіл қазақ даласындағы Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу аймағындағы қанды қырғындар тарихы мен "құдайсыз" қызыл большевиктердің мемлекет билігін басып алғаннан соң - біздің халқымыздың адамзат тарихында болмаған тағы да әлденеше қантөгістерді басынан өткізу кезеңдерін - шығарманың басты қаһарманы Серханның және оның айналасындағы адамдардың тағдырын оқиғалармен байланыстыра отырып, ұлттық дүниетанымымыз бен елдік санамызды бойтұмардай сақтап қалу жолындағы кейіпкерлердің арпалысқа толы күрескерлік бітімін даралап көрсетеді.
Мұнда, сондай-ақ, Адам өмірімен қатар, дүниежүзілік биосферада аяусыз зардап шегіп келген - Жер мен тіршілік, ауа мен су, жылқы мен жан-жануарлар, құс пен құмырсқа, ағаш пен өсімдік, яғни, бүкіл Планета тағдыры да қатар өрбумен болады.
Романда қазақ әдебиетінде бұрын-соңды мүлде қолданылмаған жаңа көркемдік әдістер мол. Шығарманың тілі эпикалық тұрғыда - кең, көркем, әрі шебер қиюласқан.
А.Балабеков. «Қазақ тілі: тыңдалым».
Аталмыш жинақ қазақ тілін үйренуші мемлекеттік қызметкерлер, университет және колледж студенттеріне, сондай – ақ қалың көпшілікке арналған.