Алақай! Жаңа кітаптар келді

Түсіпбекова Г.М., Ахметов Қ.М. География.

Балаларға арналған бұл энциклопедиялық анықтамалық жердің пайда болуынан бастап, оның геологиясы мен жер бедерінің қалыптасу кезеңдерін, ондағы тіршіліктің даму сатыларын қамтыған. Қазіргі дүние табиғатына сипаттамалар берілген. Адамзат өркениетінің кезеңдерін қамти отырып, дүниежүзі елдерінің аймақтар бойынша қалай топтастырылғаны баяндалады.

 

 

Бақтыгереева Ақұштап. Парасат сөзі.

Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның бұл жинағына қоғам өмірінің өзекті мәселелеріне, адамгершілік, шығармашылық, әдебиет пен мәдениет жайлы өзекжарды толғақты толғаныс – толғамдары еніп отыр.

 

Оразқұлова Қалдыкүл. Өмірдің алуан бояулары.

Бұл жинаққа қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасуы, дамуы, өткені мен бүгіні және болашағы жайлы танымдық мақалалар, фотосуреттер еніп отыр. Қазақ бейнелеу өнерінің де әлемдік көркемсурет өнерінің бір бөлшегі ретінде өзіндік мәнері, қолтаңбасы, ұлттық ерекшеліктері бар.

            Бұл кітапта қазақ бейнелеу өнерінің  әртүрлі буын өкілдерінің  сурет салу мнері, техникасы, тақырыптық, композициялық ерекшеліктері жайлы сөз болады.

 

 

Молдағалиев Ж. Таңдамалы.

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің таңдамалы жыр жинағына автордың жастық шақ, туған жер, Отан, соғыс тақырыбындағы шынайы сезімге толы лирикалық өлең-жырлары, поэмалары, бір шоғыр публицистикалық, әдеби сын мақалалары, ғұмыр жолынан сыр шертетін құнды фотосуреттері еніп отыр.

Ақын, азамат, қайраткер ретінде өз ұлтын шексіз сүйген, оған қарымды қаламымен, бар қажыр-қайратымен, жан-тәнімен қалтқысыз қызмет еткен айбындыда айбарлы, қыран мінезді қаламгердің биік рухты, ерлікті, адамгершілік асыл қасиеттерді дәріптейтін қайталанбас туындылары еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста дүниеге қайта туып қайта келгендей өзінің бар қадір-қасиетімен жарқырай түсіп туған жұртының рухани өміріне қызмет ете беретін болады.

 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Ата - анаға көз қуаныш.

Бұл жинаққа ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп  шәкірттерінің қабылдауына лайықты өлеңдері іріктеліп алынды. Оқу мен білім, өнер мен еңбек және туған жердің табиғаты туралы жауһар жырлардың жас ұрпаққа берер терең тәрбиелік өнегесі мол.

            Еңбек балаларға, ата – аналар мен ұстаздарға, барша әдебиетсүйер қауымға арналған.

           

Қошым – Ноғай Б.С. Достық жоралғы.

Нәсіліне, ұлтына, туған жеріне, шыққан тегіне қарамастан ғажайып ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде тұратын барлық баланың табиғаты қандай ұқсас десеңші! Тіпті тілі шыға қоймаған әртүрлі ұлттың баласын бір-бірімен жүздестіре қалсаңыз, олар өзара «тіл табысып» кетпей ме? Әдетте біз балаларға ересек адамдарды үлгі ретінде ұсынамыз. Періштедей пәк сезімді, жан дүниесі кіршіксіз таза сәбилердің өзі ересек адамдарға үлгі бола алады емес пе?! Әлемнің алуан тілді ақындарының балаларға арналған туындылары да осыны аңғартады.

Ақын Байбота Қошым-Ноғайдың аудармашылық өнерінің бір қырын танытатын бұл кітаптағы ғибратқа толы тәржімелік туындылар да - аударма өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ертегілер де алғашқы мүшелі тойлана қоймаған балдырғандарға, сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын балабақша тәрбиешілеріне, ұстаздар қауымы мен ата-аналарға арналады.

Күдеринова Қ. Бірге ме, бөлек пе?

Қазақ тілі орфографиялық ережесі мен сөздігіне сәйкес бірге және бөлек жазылатын сөздердің емлесін сатылап меңгертуге арналған оқу әдістемелік құрал ретінде ұсынылып отыр.

Төлепбергенұлы Н. Өлеңді әліппе: жануарлар.

Сатирик-жазушы Н. Төлепбергенұлының «Өлеңді əліппе: жануарлар» атты бүлдіршіндерге арналған суретті кітапшасы, орман-тоғайларда мекендейтін алуан түрлі жабайы аңдардың суреттері мен олардың қызықты тіршілігі жайлы өлең жолдарымен жазылған. Əзілкеш ақынның балаларға арналған кітапшаларында əрі күлдіргі, əрі бүлдіргі тақпақтары топтастырылған.

 

Н. Төлепбергенұлы. Өлеңді әліппе: қалалар.

Бүлдіршіндерге арнап қызықты тақырыптарда өлең-жыр жазып жүрген сатирик-жазушы Н. Төлепбергенұлының «Өлеңді әліппе: қалалар» кітапшасында еліміздің қалалары мен елді мекен атауларын әліпбимен таныстыра отырып, әдемі де қарапайым, түсінікті тілмен өлеңге арқау етеді.

Әр шаһардың ерекшелігін, табиғатын, көркін ашады. Кітапшаға берілген ғимараттар мен ескерткіштер, мәдени орындар, әртүрлі суреттер жасөспірімдердің таным-түсінігін арттырары сөзсіз.