Жаңа кітаптар
Ел мүддесі – ерлер еншісі
Тілепов Жұмат
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясы Жұмат Тілеповтың үш томдық шығармалар жинағы – автордың «Тарих және әдебиет», «Елім деп еңіреген ерлер жыры», «Қазақ поэзиясының тарихилығы», «XIV-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының тарихы һәм жыраулар мұрасы», «Таным мен тағылым», «Ел мүддесі-ерлер еншісі», секілді ғылыми монографиялары мен оқу құралдарының, сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті тарихы. 3-том», «бабалар сөзі.65-том» т.б іргелі еңбектердегі зерттеулерінің негізінде құрастырылған. Кітап жоғары оқу орнының студенттері мен магистранттарына, докторанттары мен ұстаздарына, сондай-ақ, қазақ халқының өткен тарихы мен әднбиетіне ықыласы ерекше зерттеушілер мен ғалымдарға, көпшілік оқырманға арналған.
Өмір сүрсем... кеш емес
Әбдішова Жанар
Жанар Әбдішованың «Өмір сүрсем.. кеш емес» аталатын кітабына мерзімдік баспасөзде жарияланған, оқырманға жақсы таныс бір топ туындылары енген. Кейбір әңгімелерінің тақырыптары автордың қалауымен өзгертіліп басылды. Тақырыбы әр алуан, замандастарымыздың басынан өткен жай күйлері, тығырықтан шығар жол іздеген сәттері шынайы, нанымды бейнеленген. Негізгі кейіпкерлері-әйелдер. Көлемі жағынан қысқа жазылған әңгімелерінің қай-қайсысы да жүрекке жол тауып, оқырманын селсоқ қалдырмайды, еліктіріп, тартымды оқылады, тілі шұрайлы, көркем.
Сүмбіле жұлдыз туғанда
Сәрсенбек Бекмұратұлы
Ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының бұл жинағына тәуелсіз елімізге, ана тілімізге, дінімізге, ата салт-дәстүрімізге және Отанды сүюге арналған өлеңдері арқау болған. Сонымен қатар, ақынның бұл жыр кітабына поэмалары, дастандары, балладалары мен сюжетті өлеңдері де енген. Кітап қалың оқырманға арналған.
Нұрмахан Оразбек
Бұл кітап қазақ баспасөзінің қара нары, білікті аудармашы, жалынды журналист Нұрмахан Оразбектің өмірі мен қызметіне арналған. Бірінші бөлімде «Ғұмыр! Ол ұзақ болсын, қысқа болсын, артына өз ізін, өз жылнамасын қалдырады» деп, қызығынан көрі қиындығы көп болған өмір жолын өзі толғайды. Екінші бөлімге ол кісімен қызметтес, әріптес, жора-жолдас болған адамдар мен ең жақын туыстарының естеліктері топтастырылған. Кітап, қазақ баспасөзінде айтулы із қалдырған Нұрмахан Оразбектің есімін мәңгіге қалдыру мақсатында шығарылған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Ана сүті
Әбділдәұлы Орысбай
Қым-қиғаш тіршілікте әр алуан тағдыр кешіп жүрген үлкенді-кішілі жұмыр басты пенделер көңіл-күйіндегі қуаныш пен ренішті, шаттық пен шарасыздықты арқау еткен шағын-шағын шығармалар шоғыры қалайда ой тереңіне сүңгітеді, қилы-қилы қызғылықты оқиғаларға ортақтастырады. Қаламгер жүрегінің лүпілі адамгершілік, адалдық, мөлдірлік пен тазалық, шыешылдық пен шынайылық желісімен жетелей түседі. Отан сүйгіштік рух, патриоттық сезім, өмірге, өнерге ғашықтық атой салатын жүрекжарды жазбалар қай жастағы оқырманға да нәп-нәзік иірімдерімен ыстық көрінері кәміл. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Бір жұтым ауа
Бейісбай Саясат
«Бір жұтым ауа» белгілі қаламгер Саясат Бейісбайдың қаламынан туған шығармалардың жинағы. Ол өзі көрген, куә болған оқиғалар туралы тартымды баяндайды. Автор өз шығармашылығы арқылы тәуелсіз Қазақстанның өзіндік шежіресін жасайды. Кітаптағы хикаяттардың тілі жеңіл, оқиғалары тартымды. Жинақ қалың оқырман қауымға арналған.
Құлыяс Табыл Таңдамалы үш томдық
Белгілі жазушы, сатирик, архив зерттеушісі Табыл Құлыяс бұл кітабында халқымыздың басынан өткен аштық, қуғын-сүргіннің ауыр зардаптарын, сталинизмнің қанды қасабын құнарлы тілмен, бұлтартпас құжаттармен шынайы баяндаған. Заманның тынысы, дәуірдің дауысы болған деректі хикаяттар көпшілік оқырманға арналған.
Тағдыр
Мерекенова Бақыт
Жазушы Бақыт Мерекенованың «Тағдыр» атты төртінші кітабында замандастарымыздың өмірі кеңінен суреттелген. «Тағдыр» романы, «Қайран күй!», «Адамзат тағдыры» сияқты әңгімелері шебер тілмен жазылған туындылар. Шығарманың өн бойында адамдар арасындағы шынайы махаббат, адамгершілік, парасаттылық пен зұлымдық, бақталастық сияқты шиеленіскен жағдайлар қисынды шешімін тауып, оқиғалар барысында өрбіп отырады. Кітаптың бас кейіпкерлері өмірде кездескен сан қилы қиыншылықтарға мойымай, аңсаған армандарына қол жеткізеді. Жазушының бұл жаңа кітабы- халқына тартқан кезекті шығармашылық еңбегінің жемісі.
Жұлдыздар сөнбейді
Қаңтарбаев Әлібек
«Жұлдыздар сөнбейді»-жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың әр жылдары жазылған шығармаларының жиынтығы. Автордың кез келген шығармасындағы кез келген кейіпкерінің көгентүптегі асқақ арманы біреу, ол-Егемендік.Егіле, үздіге аңсайды соны.Жазушы «Алаш азаматы» атты интеллектуалдық сұхбатында академик Ережеп Мәмбетқазиевпен диалогқа түсе отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда, оның ішінде білім беру саласында болған қиыншылықтар, жалпы осы саланың бүгіні мен ертеңі хақында ой толғамдарын беруге әрекеттенген. Жинақтың соңғы бөлімінде қазақтың әдебиеті мен өнерінің біртуарларымен жүргізілген сұхбаттар, көркем очерктер берілген. Автордың тілі жатық, ой толғамдары салиқалы да салмақты.Бұл жинақтағы кез келген шығарма оқырманын бейжай қалдырмасы анық.
Алтын сағым
Балғабай Сұлтанәлі
Көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Сұлтанәлі Балғабаев қазақ әдебиетінің көркем проза, драматургтя және публицистика жанрларында қырық жылдан астам уақыттан бері өнімді еңбек етіп келеді. Биылғы жылы қаламгердің таңдамалы туындыларының екінші томын «Алтын сағым» деген атпен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Жинаққа енген шығармалардың тілі құнарлы, көркем сөздерге, оралымды ой-тіркестерге бай; оқырманның тұшынып та түсініп те оқуына жеңіл. Кітап көпшілік оқырманға арналған.