Жаңа кітаптар

Әлихан Бөкейхан. Энциклопедия.

Энциклопедия аса көрнекті ұлт қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасы, сан қырлы дарын иесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға арналған. Энциклопедияға айтулы тұлғаның өмірбаяндық деректері, қайраткерлік қызметі, ғылыми, публицистикалық, аударма мұралары туралы мақалалар енгізілді. Кітапта Алаш қозғалысына қатысты мағлұматтар, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндары, сондай – ақ Ә. Бөкейхан жөнінде жазылған еңбектер мен олардың авторлары туралы да мәліметтер берілді.

Тұлғалық энциклопедия көпшілік оқырманға арналады.

Ерман Жүрсін. Шығармалар жинағы.

Қазақтың талантты ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы- термешілердің хаықаралық одағының» басқарма төрағасы Жүрсін Ерманның бұл кітабында таңдамалы өлеңдері топтастырылды. Бүгінде өлеңдерін жұрт жатқа айтып, кітаптарын іздеп жүріп оқитын оқырманға ақынның бұл жыр жинағы үлкен сый болары сөзсіз.

 

Жүнісбек Ә. Қазақ тіл білімінің мәселелері.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек ұзақ жылдардан бері қазақ тіл білімінің фонетика саласымен: тіліміздегі дауысты және дауыссыз дыбыстар жүйесі, сингармонизм заңы, орфография мен орфоэпия және т.б. кешенді түрде айналысып келеді. Сонымен бірге ғалым – бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған мәселе – төл жазуымызды латын қарпіне көшіру ісін алғашқы күннен бастап қолға алып, осы салаға теориялық әрі практикалық тұрғыдан белсенді үлес қосып келе жатқан бірден-бір жетекші маман. Сондықтан да қолдарыңыздағы жинаққа автордың қазақ фонетикасы мен фонологиялық жүйесін және латын қарпіне көшудің өзекті мәселелерін сөз еткен басты-басты еңбектері енгізіліп отыр.

Кітап қазақ тіл білімі және түркітану мәселелерімен айналысып жүрген филолог мамандарға арналған.

З. Күзекова, Г.Масақова. Қазақ тілі.

Ұсынылып отырған оқу құралы тілді оқып, үйренудің базалық деңгейіне арналған. Оқу құралында алғаш рет концентрлік бағыт пен жүйелікке құрылған тілдік жаттығулар мен сөйлетуге бағытталған жаттығулар, грамматикалық тақырыптар сөйлеу әрекеттерінде бекітіліп отырады.

 

З.Күзекова, Б.Ақбұзауова. Қазақ тілі.

Бұл оқу құралы қазақ тілін кешенді оқытудың бастапқы А1 деңгейіне арналған. Құралда қамтылған материал ҚР-ның мемлекеттік стандарттарына сәйкес «Қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарлама» бойынша дайындалды.

З. Күзекова, Г.Масақова. Қазақ тілі.

Ұсынылып отырған оқу құралы тілді оқып, үйренудің орта деңгейіне арналған. Оқу құралында грамматика қолданбалы сипатқа құрылды, функционалдық коммуникативтік бағытта жүйеленді. Оқу құралының негізгі мақсаты – тұрмыстық, әлеуметтік  тақырыптардағы мәтіндер негізінде тіл үйренушілердің сөйлеу біліктілігін жаттығулар арқылы жетілдіру, лексикалық қорын, грамматикалық білік-дағдыларын қалыптастыру. Практикалық грамматика арқылы тілдік бірліктердің семантикалық, құрылымдық, функционалдық ерекшеліктерін меңгерту – оқу құралының негізгі ұстанымы болып табылады.

Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы, 6 том: Тарихи роман.

Бұл том қазақ тарихы романдарының теориялық, жанрлық сипаттарын, жеткен жетістіктерін саралауға, даму бағытын анықтауға арналған. Қазақ әдебиетін биік белеске көтерген М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясынан бастап, осы жанрда қалам тартқан бірсыпыра қазақ қаламгерлерінің романдары талданылады, байыпты талдау жасалады.

Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.

Көркем шығармашылық жұмыспен қатар публицистика, әдеби сын жанрына да үнемі қалам  тербеп келеді. Бұл томға жазушының эссе, очерк, сұхбат жанрындағы публицистикалық ой – толғамдарымен қатар әр жылдары орысшаға аударылылып, әрқайсысы жеке кітапқа енген таңдамалы повестері мен хикаяттары мен «Чудесный мир детства» атты өмірбаяндық шығармасы жинақталған.

Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.

Төртінші томның негізгі мазмұнына 1980-1985 жылдар аралығында жазылып, жарық көрген балалар мен жасөспірімдер өмірінен жазылған «Бар болғаны он төрт жас», «Нәзік жаңғырық», «Ғашық болу бақыты» және тағы басқа хикаяттар топтастырылған.

Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.

Қаламгердің 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың бірінші жартысында жазылған прозалық туындылары «Дүние - керуен» романы мен «Шырақшы Қалжігіт» хикаяты қырқыншы – елуінші жылдардағы ауыл адамдарының тағдыры, олардың жақсылық, ізгілік мұраттар жолындағы  әрекеті, озбырлықпен күресі туралы тақырыпты қозғайды. Жазушының образ сомдаудағы шеберлігі кейіпкерлерінің болмысын шынайы да шұрайлы тілмен аша білуінен айқын көрініс тапқан. Бұл томнан сондай-ақ жазушының бірнеше әңгіме – фрескалардан тұратын «Ең таңғажайып әлем» автобиографиялық хикаятын да оқуға болады.