Новые книги
З. Күзекова, Г.Масақова. Қазақ тілі.
Ұсынылып отырған оқу құралы тілді оқып, үйренудің орта деңгейіне арналған. Оқу құралында грамматика қолданбалы сипатқа құрылды, функционалдық коммуникативтік бағытта жүйеленді. Оқу құралының негізгі мақсаты – тұрмыстық, әлеуметтік тақырыптардағы мәтіндер негізінде тіл үйренушілердің сөйлеу біліктілігін жаттығулар арқылы жетілдіру, лексикалық қорын, грамматикалық білік-дағдыларын қалыптастыру. Практикалық грамматика арқылы тілдік бірліктердің семантикалық, құрылымдық, функционалдық ерекшеліктерін меңгерту – оқу құралының негізгі ұстанымы болып табылады.
Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы, 6 том: Тарихи роман.
Бұл том қазақ тарихы романдарының теориялық, жанрлық сипаттарын, жеткен жетістіктерін саралауға, даму бағытын анықтауға арналған. Қазақ әдебиетін биік белеске көтерген М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясынан бастап, осы жанрда қалам тартқан бірсыпыра қазақ қаламгерлерінің романдары талданылады, байыпты талдау жасалады.
Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.
Көркем шығармашылық жұмыспен қатар публицистика, әдеби сын жанрына да үнемі қалам тербеп келеді. Бұл томға жазушының эссе, очерк, сұхбат жанрындағы публицистикалық ой – толғамдарымен қатар әр жылдары орысшаға аударылылып, әрқайсысы жеке кітапқа енген таңдамалы повестері мен хикаяттары мен «Чудесный мир детства» атты өмірбаяндық шығармасы жинақталған.
Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.
Төртінші томның негізгі мазмұнына 1980-1985 жылдар аралығында жазылып, жарық көрген балалар мен жасөспірімдер өмірінен жазылған «Бар болғаны он төрт жас», «Нәзік жаңғырық», «Ғашық болу бақыты» және тағы басқа хикаяттар топтастырылған.
Айымбетов М. Таңдамалы шығармаларының жинағы: 5 томдық.
Қаламгердің 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың бірінші жартысында жазылған прозалық туындылары «Дүние - керуен» романы мен «Шырақшы Қалжігіт» хикаяты қырқыншы – елуінші жылдардағы ауыл адамдарының тағдыры, олардың жақсылық, ізгілік мұраттар жолындағы әрекеті, озбырлықпен күресі туралы тақырыпты қозғайды. Жазушының образ сомдаудағы шеберлігі кейіпкерлерінің болмысын шынайы да шұрайлы тілмен аша білуінен айқын көрініс тапқан. Бұл томнан сондай-ақ жазушының бірнеше әңгіме – фрескалардан тұратын «Ең таңғажайып әлем» автобиографиялық хикаятын да оқуға болады.
Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том: Роман және заман.
Кітапта қазақ романдарының теориялық мәселелері, жанрлық өзгешеліктері, тың жетістіктері сөз етіледі. Автордың роман жанры туралы нақтылы байқаулары, ойлары мен қорытындылары оқырманды қызықтыра жетелеп отырады. Қазақ әдебиетін биік идеялық – көркемдік белеске көтерген ұлы шығарма – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясына байыпты талдау жасалады.
Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы. 4 том: Түбі бір түрікпіз.
Р.Бердібай бұл кезге дейін қазақ әдебиеттануында тым аз айтылып келген түрік халықтарының рухани, мәдени бірлігі мәселесін жаңа қырларынан сипаттайды. Кітапта түркі халықтары эпосының терең тамырлы түбірлері мен өзара байланыстары «Орхон ескерткіштері», «Манас», «Қорқыт ата кітабы», «Көроғлы», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Едіге батыр» т.б. дастандардың генезисі мен ортақ сарындарын талдау арқылы көрсетілген. Сондай – ақ рухани құндылықтарды елдің өз мүддесі мен мақсаты тұрғысынан қарап бағалау, түрік халықтарын төл өркениеттің дәстүрінде баулу мәселелері көтеріледі.
Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы. 3 том: Кәусар бұлақ.
Рахманқұл Бердібайдың он томдық шығармалар жинағының үшінші томында түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиеті кеңінен қарастырылып, салыстырылып, олардың бір – бірімен байланыстыра, өзінен кейінгі әдеби дамуға игі ықпал жасап келе жатқандағы жайлы маңызды қорытындылар жасалынады.
Бердібай Р. Он томдық шығармалар жинағы. 2 том: Гүлстанның бұлбұлдары. Жұлдыздар жарығы.
Бұл томда түркі әлемінің Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йасауи, Низами, т.б түркі әлемі даналарынан бастап, басқа да Шығыс ақындарының, сондай – ақ туысқан елдер әдебиеттеріне түрік Юнус Емре, ұйғыр Біләл Назымдай алыптарын зерттеу, тәржімалау жұмысын жолға қою мәселелері, қазақтың Бұқар жыраудан бергі ұлы жыршы – жырауларынан бастап, Жамбыл Жабаев, Асқар Тоқмағамбетов сияқты әдебиет өкілдерінің шығармаларына жан -жақты, егжей – тегжейлі талдау жасалады.
Досанов С. Он екі томдық таңдамалы шығармалары: 4 – том. Жиырмасыншы ғасыр: Роман – эпопея.
Қазақтың әйгілі жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың және М.Шолохов ат.Халықаралық сыйлықтың лауреаты С.Досановтың он екі томдық шығармаларына таңдамалы еңбектері енгізілді.
Жазушының 4 томына «Жиырмасыншы ғасыр» романының 1кітабы берілген.