Новые книги

Оразбайұлы Ы. Құсни ғалам.

Ықылас Оразбайұлы - осы жинақпен жыр әлеміне қанат қаққалы отырған жас ақын. Оның өлеңдерінен туған жерге, өскен елге деген сағыныш лебі еседі. Қазақы болмыстың нәрін бойына сіңірген ақынның жырларының тілі шұрайлы, ойы көркем. Біз ақынның болашағынан оқырманға ой тастайтын орамды, жүрекке жылы, сезімі сырлы шығармалар күтеміз.

Кітап көпшілік оқырманға арналады.

 

Негимов С. Шығармалары.

Бұл томда қазақтың би-шешендерінің елшілдік, мемлекетшілдік істері, дипломатиялық қызметі, тапқырлық, көсемдік, ойшылдық, даналық болмысы, әлеумет алдындағы тұтқиылдан туған асыл ойларының, билік-шешімдерінің, алтын сөздерінің көркемдік-философиялық, этикалық, индивидуалдық қырлары, жалпыадамзаттық және қазақтың классикалық дәуіріндегі құндылықтар, ұлы идеялар, көзқарастар жүйесі зерделенеді.

Замана сыры, халықтың рухы, ұлттың көркемдік дүниетаным мен мәдениеті атақты би-шешендердің өнернамасында қалайша жарқын көрініс тапқаны нақты әдеби-мәдени, тарихи айғақтармен дәйектеледі. Сонымен қатар ұлттық шешендік өнер тарихы адамзаттық ортақ игі- ліктер мен әлем ойшылдарының дара пікір-байламдарымен бірлестікте әрі ежелгі замандағы мәдени-жаһандану үрдістерімен тұтастықта қарастырылады.

«Шешендік өнер» - қазақ көркем ойының энциклопедиясы, даналық дәрістерінің  әлемі.

Профессор С. Негимовтің «Шешендік өнер» кітабы жалпы сөз өнерін құрметтейтін көпшілік қауымға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған.

 

Қыдыров Б. Жыр – дәурен.

Ақын Боран Қыдыровтың бұл жинағына әр жылдарда жазған әр алуан тақырыптағы өлеңдері мен ғазелдері, қос тағандары, төрт тағандары және аңыз тақырыбына жазған поэмаларының  көбінің баспа бетінде жарық көргендері топтастырылып отыр.

Кітап барша оқырман қауымға арналған.

Кененбай Ы. Жетпістегі жидеағаш.

Белгілі қаламгер, жазушы-баспагер Ырым Кененбайдың бұл жаңа жинағында туған жер тарихы, өткеніміз бен бүгініміз жайлы кеңінен ой толғайды. Қатарластары замандастарымен сыр бөліседі.

Жазушының алдыңғы еңбектерін жылы қабылдаған оқырман қауым бұл шығармалардан да құмарта сусындайтынына сенімдіміз.

 

Кенжебайұлы Бейсембай. Шығармалар жинағы. Ояну дәуірінің әдебиеті.

Қазақ түркологиясының атасы дерлік ұлы ғалым Бейсембай Кенжебайұлының кезекті шығармалар жинағының екінші томына ояну дәуірінің әдебиеті туралы зерттеу еңбегі еніп отыр.

Әдетов Б. Еңлік.

Белгілі қаламгер Бекболат Әдетовтің «Еңлік» дейтін кітабына енген шығармалары негізінен бүгінгі күннің тақырыбына – өзімізді қоршаған адамдардың тағдыр – талайына, қуанышы мен ренішіне, сүйініші мен күйінішіне арналыпты.

 

Омарұлы Е. Үш томдық шығармалар жинағы. 3 том.

Кітапқа Елдес Омарұлының 1928 жылы жарық көрген «Пішіндеме» атты оқулығы, 1935, 1940 жылдары жарық көрген, Н.Рыбкиннен аударған «Геометрия есептерінің жинағы. Стереометрия» енген.

Омарұлы Е. Үш томдық шығармалар жинағы. 2 том

Бұл томға Е.Омарұлының «Жер заңы», «Ақы заңы», «Лениннің ұлт мәселесі тақырыпты сөздері» атты аудармалары енді. «Жер заңы» Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдардағы Одақтас Республикалар аумағында жүр- гізген жер саясатын нақты көрсетеді. «Ақы заңы» – Кеңес Одағы азамат- тарының экономикалық қарым-қатынасын реттейтін, олардың құқықтары мен жауапкершіліктерін көрсететін заңнамалық құжат. «Лениннің ұлт мәселесі тақырыпты сөзі» кітабында Ресейдегі Төңкерістен бұрынғы және Төңкерістен кейінгі ұлт мәселесінің жай-күйіне, сондай-ақ жаңа орнаған Кеңес Үкіметінің ұлт мәселесінде ендігі ұстанатын саясатының қалай болу керектігі көрсетілген.

Омарұлы Е. Үш томдық шығармалар жинағы.1-том

Бұл томға Е.Омарұлының тіл білімінің түрлі мәселелеріне, жазу, емле, дыбыс, таңба, әліпби, тағы басқа да тақырыптарға арналған 31 мақаласы және «Синтаксис танытқыш» атты бұдан бұрын мүлде баспа бетін көрмеген еңбегі еніп отыр. Қазақ жазуы мен емлесінің қалыптасуы, даму жолынан мол ақпарат, терең білім алғысы келген, мамандарға қазақ тілінің ғылыми синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі мен сөйлем синтаксисі туралы терең мағлұмат береді. Кітаптың тіл мамандарына, сондай-ақ ғалымдарға, зерттеушілер мен ізденушілерге берері мол.

Харари Ювал Hoah.Адамзаттың қысқаша тарихы.

Жүз мың жыл бұрын Homo sapiens осы ғаламшарда өмір сүрген алты түрдің бірі еді. Экожүйеде горилладан, жарқырауық қоңыздан немесе медузадан артықшылығы жоқ, елеусіздеу жануар болатын. Шамамен 70 мың жыл бұрынғы Homo sapiens-тің когнитивті қарым-қабілетінің жұқмбақтау өзгерісі оны ғаламшардың қожасына әрі экожүйенің тажалына айналдырып жіберді. Ал басқа түрге не болды? Ақша, мемлекеттір, діндер қашан және не үшін пайда болды? Империялар қалай құрылды және күйреді? Неліктен барлық қоғамда әйелдерді еркектерден төмен қойды? Ғылым мен капитализм қалай ғана жаңа заманның иең басты арқа сүйеріне айналып шыға келді.? Жүйткіген уақыт ағымында адамдар шынайы бақытқа кенеле алды ма? Болашақта бізді не күтіп тұр?

 Кітап өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазыргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға жетелейді.