Новые книги

Кови Стивен Р. Жасампаз жандардың 7 дағдысы: Тұлғаны дамытудың тегеурінді тетіктері.

«Жасампаз жандардың 7 дағдысының» тұңғыш басылымы осыдан ширек ғасыр бұрын жарық көрді. Содан бері Стивен Ковидің бұл еңбегі 13 мәрте жаңартылып, 40 тілге аударылды. 70-тен аса елде 30 миллион данамен таралған кітап №1 әлемдік бестселлер мәртебесін иеленді. Жақсы өмірдің кілтін іздеген жасөспірімнен бастап, ісін өрге домалатқысы келетін көрнекті кәсіпкерлер мен саясаткерлерге дейін қызыға оқитын кітап миллиондаған адамның өмір сүру әдістемесіне айналды.

Алдыма қойған мақсатқа жетудің жолы қандай? Айналамен қалай қатынас жасаған абзал? Өзімнің де, өзгенің де ұпайын түгел ететін ұтымды өмірлік ұстаным бола ма? Маңызды әрі шұғыл шаруаның қайсысына алдымен кезек берген жөн? Күн сайын көлденең келетін жаңа сынақтарға төтеп беру үшін өзімді қалай жетілдіремін?

Әрқайсымызды мазалайтын осы секілді сұрақтарға жауап беруге талпынатын кітап көп-ақ. Соның бірі де, бірегейі — төрткүл дүниені түгел мойындатқан «…7 дағды».

Шайхыұлы Е. Атақты айтқыштар.

Белгілі  сатирик – жазушы Ермахан Шайхыұлының қолыңызға тиген бұл кітабына атының өзі айтып тұрғандай, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Тайыр Жароков, Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбековтерден бастап, әйгілі әртістердің, әдебиет пен өнердегі әріптестерінің, тіпті сонау ауылдағы айтқыштар мен кішкентай айтқыштар да қауып емес, тауып айтқан, қисынын келтіріп, келістіре айтқан әзіл – қалжыңдары топтастырылған.

Нұржеке – ұлы Бексұлтан. Орбұлақ өнегесі.

Бұл кітап Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығына орай шығарылып отыр. Жинақ 3 бөлімнен тұрады.

              

Қазақ өнерінің антологиясы.

«Қазақ өнерінің антологиясының» шешендік сөздерге арнаған бес томы осы кітаптан бастау алады. Сондықтан бұл бірінші том фольклорлық шешендік сөздерге арналды. Мұнда Едіге, Асан қайғы, Жиренше және басқа да тарихи тұлғалардың есімдерін аңызға айналдыру барысында ел арасына тараған фольклорлық шығармалар жинақталды.

Антология қазақ мәдениетін қадірлеуші жұртшылыққа, жоғары оқу орын-дарының оқытушылары мен студенттеріне арналды.

Басымұлы Қ. Шығармалар жинағы

Жинақта Қ. Басымұлының  «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері» атты еңбегі, қазақ тілінің фонетикасы, морфология, емле, тыныс белгілері, әліпби, әдебиет мәселелеріне қатысты жарық көрген мақалалары, бағдарламалары,  мұрағаттан табылған құжаттар қамтылды. Қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның тілтанымдық мұрасы жинақталған. Кітап тіл білімі мамандарына, докторант, магистрант, студенттерге және көпшілік оқырманға арналады.  

 

Көпіш Ә. Мәңгілік майдан.

Күні кеше ғана мәңгілік Уақыт қойнауына кеткен - XX ғасырда, бүкіл адамзаттың тағдырымен бірге, қазақ халқының өзегін жойқын тарихи-әлеуметтік қасіреттер тілгілеп өтті. Ен далада бейбіт, бейтарап өмір сүріп жатқан халқымыз Ресей империялық күштерінің қанкұйлы басқыншылығы мен опасыз отаршылдығын, орыс патшалығын ысырып, тарих сахнасына зорлықпен келген әкімшіл-әміршіл кеңестік - Қызыл империя жүйесінің ұлттық ой-санамыз бен рухани даралығымызды қирата күшпен тойтаруын, жаңа қоғам әкеліп орнатқан екіжүзділік пен сатқындықтың бұрында құлақ естіп, көз көрмеген - қанды оқиғаларын бастан кешірді. Осыны ұрпақтар ұмытпауы керек.

Автор "Мәңгілік майдан" (бір жанның мыңжылдық қасіреті) атты тарихи-психологиялық роман-дилогиясының 2-кітабында 1916 жылғы бүкіл қазақ даласындағы Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу аймағындағы қанды қырғындар тарихы мен "құдайсыз" қызыл большевиктердің мемлекет билігін басып алғаннан соң - біздің халқымыздың адамзат тарихында болмаған тағы да әлденеше қантөгістерді басынан өткізу кезеңдерін - шығарманың басты қаһарманы Серханның және оның айналасындағы адамдардың тағдырын оқиғалармен байланыстыра отырып, ұлттық дүниетанымымыз бен елдік санамызды бойтұмардай сақтап қалу жолындағы кейіпкерлердің арпалысқа толы күрескерлік бітімін даралап көрсетеді.

Мұнда, сондай-ақ, Адам өмірімен қатар, дүниежүзілік биосферада аяусыз зардап шегіп келген - Жер мен тіршілік, ауа мен су, жылқы мен жан-жануарлар, құс пен құмырсқа, ағаш пен өсімдік, яғни, бүкіл Планета тағдыры да қатар өрбумен болады.

Романда қазақ әдебиетінде бұрын-соңды мүлде қолданылмаған жаңа көркемдік әдістер мол. Шығарманың тілі эпикалық тұрғыда - кең, көркем, әрі шебер қиюласқан.