Жаңа кітаптар

Басымұлы Қ. Шығармалар жинағы

Жинақта Қ. Басымұлының  «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері» атты еңбегі, қазақ тілінің фонетикасы, морфология, емле, тыныс белгілері, әліпби, әдебиет мәселелеріне қатысты жарық көрген мақалалары, бағдарламалары,  мұрағаттан табылған құжаттар қамтылды. Қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның тілтанымдық мұрасы жинақталған. Кітап тіл білімі мамандарына, докторант, магистрант, студенттерге және көпшілік оқырманға арналады.  

 

Көпіш Ә. Мәңгілік майдан.

Күні кеше ғана мәңгілік Уақыт қойнауына кеткен - XX ғасырда, бүкіл адамзаттың тағдырымен бірге, қазақ халқының өзегін жойқын тарихи-әлеуметтік қасіреттер тілгілеп өтті. Ен далада бейбіт, бейтарап өмір сүріп жатқан халқымыз Ресей империялық күштерінің қанкұйлы басқыншылығы мен опасыз отаршылдығын, орыс патшалығын ысырып, тарих сахнасына зорлықпен келген әкімшіл-әміршіл кеңестік - Қызыл империя жүйесінің ұлттық ой-санамыз бен рухани даралығымызды қирата күшпен тойтаруын, жаңа қоғам әкеліп орнатқан екіжүзділік пен сатқындықтың бұрында құлақ естіп, көз көрмеген - қанды оқиғаларын бастан кешірді. Осыны ұрпақтар ұмытпауы керек.

Автор "Мәңгілік майдан" (бір жанның мыңжылдық қасіреті) атты тарихи-психологиялық роман-дилогиясының 2-кітабында 1916 жылғы бүкіл қазақ даласындағы Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу аймағындағы қанды қырғындар тарихы мен "құдайсыз" қызыл большевиктердің мемлекет билігін басып алғаннан соң - біздің халқымыздың адамзат тарихында болмаған тағы да әлденеше қантөгістерді басынан өткізу кезеңдерін - шығарманың басты қаһарманы Серханның және оның айналасындағы адамдардың тағдырын оқиғалармен байланыстыра отырып, ұлттық дүниетанымымыз бен елдік санамызды бойтұмардай сақтап қалу жолындағы кейіпкерлердің арпалысқа толы күрескерлік бітімін даралап көрсетеді.

Мұнда, сондай-ақ, Адам өмірімен қатар, дүниежүзілік биосферада аяусыз зардап шегіп келген - Жер мен тіршілік, ауа мен су, жылқы мен жан-жануарлар, құс пен құмырсқа, ағаш пен өсімдік, яғни, бүкіл Планета тағдыры да қатар өрбумен болады.

Романда қазақ әдебиетінде бұрын-соңды мүлде қолданылмаған жаңа көркемдік әдістер мол. Шығарманың тілі эпикалық тұрғыда - кең, көркем, әрі шебер қиюласқан.

 

Қ.Қайсенов. Жау тылында.

 

Ұлы Отан соғысын бастан-аяқ Украина және Белоруссия жерінде, қалың орман ішінде партизандармен бірге қан майдан кешіп өткізген қазақ халқының қаһарман ұлы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің жау тылында өткен өмірі сұрапыл оқиғаларға толы. Қасым аға соғыс бітіп, кеңес халқы толық жеңіске жеткеннен соң елге оралғанда қолына қалам алып сол оқиғаларды қаз-қалпында қағазға түсірген болатын. Батырдың басынан өткен оқиғалары жеке-жеке әңгімелер күйінде де, автордың өлім мен өмірдің арасында арпалысқан кездеріндегі біртұтас оқиға-хикаяттар ретінде де өте қызықты баяндалады.

Әуез Мұрат. Ділім.

Қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуездің бұл кітабына әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері топтастырылып беріліп отыр. Кітапта автор еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеуметтік мәселелер, мәдени және әдеби процестер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану үдерісінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайында ой білдіреді. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

 

Артықбаев Ж. Қазақстан өзбектері: тарихы, шаруашылығы мен мәдениеті, рухани өмірі мен қазіргі жағдайы.

Бұл кітапта қазақстандық өзбек этникалық тобының көне және ортағасырлық тарихы, сарт атауының мағынасы, Қазақ хандығындағы орны және қазақпен қарым – қатынасы, шаруашылығы, материалдық және рухани мәдениеті, әдет – ғұрыптары мен қазіргі жағдайы баяндалған.

Сейсенбаев Р. Три романа.

Писатели XXI века должны предложить читателю нравственный идеал, который необходим каждому из нас - без него невозможен духовный прогресс. Мы не должны отворачиваться от собственной традиции, собственного языка. С любовью и пристрастием развивать свою литературу и культуру. Вместе с тем, пристально изучать традиции народов мира.

На стыке этих начал, этих усилий, появится новая, универсальная традиция Казахии.
И мы, должны посвятить себя служению своему Отечеству.
Для этого каждый казах должен отдать ей свой долг. И тогда, дух великой степи вновь воспрянет.