Новые книги
Нұрмағанбетов Т. Періштелердің өлімі
«Періштелердің өлімі» романы көрнекті жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың жаңа туындысы. Қаламгер бұл шығармасында бүгінгі заманның ащы шындығын шұрайлы тілмен суреттей отырып, сан алуан тағдырлы адамдардың көркем бейнесін сомдайды. Ауыл өмірін жақсы білетін сөз зергерінің жаңа романы бірін бірі толықтырып, дамытып отыратын оқиғалар желісі арқылы да оқырманын бірден баурап алады.
Шығарма әлеуметтік терең астарымен де, кейіпкерлерінің жан-дүниесін аса шеберлікпен аша білуімен де ерекшеленеді.
Жазушының бұл толымды еңбегі қазақ әдебиетінің шоқтығын биіктететін бітімі бөлек роман.
Тыныбеков Б. М. Дәрілік өсімдіктер. Оқу құралы.
Дәрілік өсімдіктер практикумы: университеттердің және педагогикалық институттардың «Биология» мамандығы бойынша бакалавриаттарына арналған оқу құралы. Оқу құралы 2008 жылғы «Дәрілік өсімдіктер» пәнінің типтік бағдарламасына және ҚР «Биология» Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жазылған.
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті
М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты кітабы 1958, 1964, 1974 жылдары жарық көрген еді. Жазушының содан беріде өз құндылығын жоймаған осы еңбегін ой елегінен өткізіп, ел игілігіне жаратсақ деген ниетпен тағы да оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Жалпы, кітаптың бұрынғы қалпын сақтап, барынша, бүгінгі өскелең ұрпақтың талап-талғамына сай әзірлеуге тырыстық.
Кітап ертедегі қазақ ауыз әдебиеті жайында ой қозғайды.
Кітап жалпы орта білім беретін мектеп, гимназия, лицейлердің оқушыларына, жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге, студенттерге, жалпы көпшілік оқырманға арналады.
Нұрмағамбет Т. 3 томдық Таңдамалы шығармалары. 3 – том.
«Айқай» повесі жазушы шығармашылығындағы елеулі белес дерлік дүние. Әңгіме повестің түрік халқының өмірінен жазылғандығында ғана емес, адамзаттық деңгейде ой түйілердей ауыр тағдырдың тілге тиек болуында. Және оның көркемдік деңгейде жазылуында.
«Бойтұмар», «Тұнық су», «Шал, мая және жел» повестері әр кездегі ауыл өмірін, ауыл адамдарының мінез – болмысы мен тағдырларын бейнелеген дүниелер.
Нұрмағамбетов Т. 3 томдық таңдамалы шығармалары. 2 – том.
Жазушы Т. Нұрмағамбетовтың «Мешкей» романы бүгінгі күн тақырыбына арналған. Оқыс байыған қарапайым жанның ашығуын, тоюын, семіруін қоғамымызда болып отырған ашкөзділік, жемқорлық, тойымсыздықпен байланыстыра суреттейді.
Автордың тілі көркем, юморға бай.
Нұрмағамбетов Т. Таңдамалы. Әңгімелер. 1 – том.
Т. Нұрмағамбетов проза жанрында, әсіресе, әңгімелер жазуда өнімді еңбек етіп келеді. Оның әңгімелері оқырмандар үдесінен шықты деуге болады. Әңгімелерінің көпшілігі ауыл өміріне арналған. Онда ауыл адамдарының мінез – болмысын, тіршілік – харекетін шынайы бейнелейді. Кейіпкерлердің ой – сезімін, әрекеттерін нанымды суреттеумен бірге бүгінгі өзекті проблемаларын да қозғаған.
Еркебаев Сайымжан. Үш томдық шығармалар жинағы. 3 – том. Повестер.
Сайымжан Еркебаевтың 2005 жылы туғанына 7 жыл толуына орай шығарылған 3 томдық шығармалар жинағының 3 – томына «Жарылған бүр», «Гүлге ұмтылған екеу», «Ауыл кештері» повестері, жиырмадан астам әңгімелері мен «Алдармен қауышу» сұхбаты, «Қолғап хикаясы» радиопьесасы және «Менің Қожанасырымның ойлары мен болжамдары» әзіл – сықақтары мен мысқылдарының топтамасы енгізілді. Сайымжанның бұл повестері мен әңгімелерінің, сықақтарының кейіпкерлері кезінде жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан. Әрі ойлы, зілді, сиқырлы сырға толы жұмбақ әлем.
Еркебаев Сайымжан. Үш томдық шығармалар жинағы. 2- том. «Жел өті». Роман.
Сайымжан Еркебаевтың «Жалын» баспасынан 1988 жылы шыққан «Жел өті» романы 2005 жылы туғанына 70 жыл толуына орай оның 3 томдық шығармалар жинағының 2 – томына еніп отыр. Жазушының бұл романы кезінде кеңістік саяси идеологияның сүзгісіне ұшырап «күзелген». Сондықтан бұл басылымда романның сол «кесілген», «күзелген» тұстары алғашқы түпнұсқасымен толықтырылды.
Романның басты арқауы – мұнайшылардың, Маңғыстау өңірінің тыныс – тіршілігі. Онда мұнайшылардың өткендегі және бүгінгі өмірлерімен келешектегі көкейкесті мәселелері шебер тілмен қамтылған. Кейіпкерлердің тосын қайшылықтарға, қақтығыстарға ұшырауы күрделі шиеленістерге кездесуі, ескі мен жаңаның арасындағы тартыстар, айтыстар, дүрбелеңдер, шығарманың әлеуметтік мақсатын шеше түскен, өрнекті өрілген.
Еркебаев Сайымжан. Үш томдық шығармалар жинағы. 1- том. «Жолдар мен шақырымдар».
Биыл туғанына 70 жыл толып отырған жазушы Сайымжан Еркебаевтың «Жолдар мен шақырымдар» романы оның 3 томдық шығармалар жинағының 1 – томына енгізіліп отыр. Алғаш рет 1976 жылы «Жалын» баспасынан Алматы қаласында шыққан. Бұл көлемді шығармада тың игерудің ащы шындығы бүкпесіз, айқын суреттеледі. Романда тың игеру кезіндегі адамдардың басынан өткен сан – алуан қиындықтар, кейіпкерлер арасындағы қарама – қайшылықтар, психологиялық қақтығыстар көркем тілмен, әдемі өрілген.
Жанатайұлы К. Шығармалары: өлеңдер, айтыс – қағыстар, қисса – дастандар.
Кітапта Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, дарынды ақын, артына мол әдеби мұра қалдырған Көкбай Жанатайұлының шығармалары жарияланып отыр.
Аталмыш жинаққа Абайдың әрі шәкірті, әрі іні-досы Көкбай ақынның өлеңдері, айтыс-қағыстары, поэмалары, қиссалары еніп отыр. Ел ортасында медресе ашып, білім сәулесін түсірген оқымысты молда, қажының ұстазы Абай туралы естелігі жарияланған.
Кітап әдебиет сүйер қауымға, ғылыми қызметкерлер мен қалың оқырманға арналған.