Жаңа кітаптар

Арқаның би-шешендері мен ақын-жыраулары

«Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарыққа шығып отырған бұл кітапқа Арқа өңірінің би-шешендері мен ақын-жырауларының сөз маржандары топтастырылған.

Кітап көпшілік оқырмандарға арналған.

Жетіген

«Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан «Жетіген» атты бұл ұжымдық жинаққа жеті ақынның, атап айтқанда , Тезекбай Амандықұлы, Болат Асанов, Төлеубай Ермекбаев, Ерғазы Жазықбаев, Жомарт Оспан, Қалкен Смайыл, Зағыпар Шәкентаевтың шығармалары жинақталған. Жеті ақынның үні, жырлары арқылы жетігеннен шыққан сиқырлы саз бен әуезді әндей әсер етіп, жеті құрлыққа жар салғандай.

Жинақ жырсүйер оқырманға арналған.

Әлихан Бөкейхан Жақып Ақбаев Әлімхан Ермеков

ХХ ғасыр басында қазақ елінің азаттық алуы үшін аянбай күрескен, сол қасиетті жолда жаннын құрбан еткен Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтей ерлердің есімі ұлт тарихында мәңгілік орын алады.
Туған халқының мұң- мұқтажын арқалаған айтулы азаматтардың ой- санасы, көзқарасы, империяшыл пиғылдарға қарсы еңбектері- ұрпақтың тағылым алар таусылмас қазынасы.
Кітап Алаш кезеңі тарихына қызығушылық танытатын жастарға, оқытушыларға, сондай-ақ көпшілік қауымға арналған.

Жаппар Өмірбеков. Шығармалары

Ақынның «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан бұл кітабына өлеңдері және дастан –поэмалары жинақталды. Өрнекті ой орамдары, кестелі сөз тіркестері жүрек түкпірінен жыр боп төгіліп, өлең боп өріліп, заманның үні, дәуірдің тынысын жеткізгендей болады.
Жинақ жыр сүйер қауымға араналған.

Нұрлан Оразалин. Шығармалар жинағы

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ жырына олжа салған, өз үні, өз қолтаңбасы айқын, көрнекті ақын, танымал драматург Нұрлан Оразалиннің жарты ғасырдан асып жығылар қаламгер ғұмырбаянын қамтитын бұл көптомды шығармалар жинағы ойшыл суреткердің жаратылысын танып, тұлға табиғатын ашуға мол мүмкіндік береді.

    Оқырмандар назарына ұсынылып отырған  бесінші томға ақынның 2001-2014 жылдар аралығында жазған өлеңдері, толғаулары іріктелініп енді. Атап айтқанда  бұл томға «Екі дүние», «Жандауа», «Тәңірмен тілдесу» деп аталатын жыр жинақтары топтастырылған

Мақсат Әлсейітов. Жетімсайдың бойында – жетім ауыл.

Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында туып өскен Мақсат Әлсейітовтың «Жетімсайдың бойында – жетім ауыл» атты жинағындағы жыр жолдары көңілге жылы  әсер сыйлайды.  Жинақтағы әр өлең өзгеше поэтикалық сазды сарын танытуымен ерекшеленеді. Туған жердің тек өзі көре  алған  ғажайып сұлулығының сырын, Отан – Ананың тек өзі тани алған асқақ сипатын, махаббат атты сезімнің тек өзі ғана сезе білген жылы шуағын жырға қосқан дарын иесінің шынайы жүрек дүрсілі әрбір өлеңнен анық байқалады.

  Жыр кітабындағы халық батыры Жанқожа Нұрмахаммедұлы туралы дастанында автор рухани болмысы биік, жаны таза, шын мәнінде, еліне қорған бола білген адал жүректі батырдың бейнесін жан-жақты ашып, шеберлікпен сомдай білген. Ақынның бұл кітабы поэзияға жаңаша талғаммен қарайтын жырсүйер қауымның көңілінен шығады деп сенеміз

Қайрат Құлмұхаммед. Олжа

     Бозбала кезінен айтыс сахнасына шығып, Қытай қазақтарының бас айтыс ақыны атағын иемденген Қайрат Құлмахаммедтің «Олжа» атты жыр жинағындағы өлең-жырлар жазба ақындық пен жыраулық дәстүрдің тамаша үйлесімінен туғандай көрінеді. Жинақтың тағы бір ерекшелігі, жат жерде дүние есігін ашып, сонда өскен, есейген, кейінгі саналы ғұмырын өз тарихи Отанымен байланыстаруды көздеген  автордың шығармашылық биігін таныта түсетіндігі деуге болады. Қайталанбас ерекшеліктерге ие жинақтың шетелдегі және атажұрттағы қазақ оқырмандары жүрегіне жол табарына сенім мол

Досан Баймолда. Европадағы қазақтар

Бұл зерттеу кітапта қазақтардың Еуропа  елдеріне қоныстану тарихы, сондағы қазақ диаспорасының қалыптасу кезеңдері және бүгінгі тұрмыс тіршіліктері, кездесіп отырған кейбір рухани – әлеуметтік қиындықтар жайы сөз болды. Кітап автордың «Азаттық» радиосында қызмет істеген жылдардағы жинаған мұрағат құжаттары және Еуропада  тұрып жатқан қазақтар арасында өткізген сауалнама мен көптеген сұхбат материалдары негізінде жазылған. Кітап диаспора тарихына қызығушылар мен оны зерттеушілерге арналған

Тілеу Көлбаев. Бәрі де майдан үшін бәрі де жеңіс үшін

Қазақстан Республикасы Журналистер  одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақ баспа сөзіне сіңірген айрықша еңбегі үшін» дипломының иегері Тілеу Көлбаевтың  «Бәрі де  майдан үшін , бәрі де Жеңіс үшін!» кітабында ел басына күн туған жылдарда қан майданда  жаумен жағаласқан, тылда тынымсыз еңбек етіп, соғыс  қиындықтарына төзе білген, Ұлы жеңіске лайықты үлес қосқан Қазақстан еңбекшілерінің патриоттық істері жайлы сөз етіледі.

    Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерен ерліктері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Аға ұрпақтың ерлігі жастарға өшпес үлгі – өнеге болып қала береді.  Қаһармандар ісін көпшілікке насихаттау, сөйтіп жас буынды патриоттыққа, отансүйгіштікке  баулу – қасиетті парыз.

 

Ғұсман Жандыбыев. Талантқа - талғам таразы

Белгілі ақын Ғұсман Жандыбаевтың бұл кітабына әр жылдары мерзімдік басылымдарда жарық көрген мақалалары, сұхбаттары, әңгімелері мен трактаттары енді.

    Шығармалардың жазылған кезеңдегі сөз қолданыс және емле ерекшеліктері өзгеріссіз сақталды.

    Жинақ көпшілік оқырманға арналған