Жаңа кітаптар

Нұрмаханбетов Өтеген

Сағындым сені

Бұған дейін де бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, әдеби сын мен оқырмандардың жылы ықыласына ие болған ақын Өтеген Нұрмағамбетовтің аталмыш жаңа кітабына уақыт, заман, дәуір тынысын сездіретін ойлы да салмақты өлең-жырлары еніп отыр.

Автордың балалык бал дәурен, жастық шақ, туған ауыл, ана, әке, жайлы сыршыл, сағынышқа толы шынайы туындылары поэзиясына сыйлай білетін, сөз қадірін түсінетін жырсүйер қауымды бейжай қалдырмасы анық.

Құлыяс Табыл

Таңдамалы

Белгілі жазушы, сатирик, архив зерттеуші Табыл құлыяс бұл кітабында халқымыздың басынан өткен аштық, қуғын-сүргіннің ауыр зардабын, сталинизмнің қанды қабасын құнарлы тілмен, бұлтартпас құжаттармен шынайы баяндаған.

Заманның тынысы, дәуірдің дауысы болған деректі хикаяттар көпшілік оқырманға арналған.

Өтен Ахмет

Шығармалар

Жазушы шығармаларының екінші томына қырыққа жуық әңгімесі мен аудармалары еніп отыр. Онда мезгіл жағынан жарты ғасырдан астам уақыт қамтылып, студент, шахтер, құрылысшы, шопан, балықшы, мұғалім, шенеунік, қуғын-сүргін құрбаны, жауынгер солдат, депутат сынды қоғамдық ортада алуан түрлі орны бар адамдар өмірінен сыр шертіліп, солардың әр қилы тағдырлары арқылы әр түрлі саяси-әлеуметтік ахуалды бастан кешкен еліміздің бүкіл тіршілік тынысының кең панорамасы жасалған. Сонымен қатар әңгімелерде ұлт тағдыры, елдік мәселелер де қозғалады.

Кітап көркем әдебиетке қызығушылық танытатын барша оқырманға арналған.

Асқар Дүйсенбі

Аңыздар мен абыздар

Ғылыми жинақта аңыздық тұлғалар мен тарихи заманалар шежіресін, ел мен жердің сырлы құпиясын баяндайтын ғылыми ойталғаулар мен ел жадындағы ескі әнгімелердің мәтіндік нұсқалары топтастырылып сараланған. Бұл кітапты қазақ  ауыз әдебиетінің тарихын тануға талпынған  ізденушілер мен түркологиялық жәдігерлерді зерттеуге арналған түрлі бағдарламалар құрастырушыларға, ЖОО студенттеріне аңыздық проза саласы бойынша жүргізілетін дәрістерде, арнайы курстар мен семинарларда пайдалануға көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.

Сыдықов Е., Артықбаев Ж.

Әнет баба:ғұмыры мен заманы

Бұл кітап хандық дәуірінде жасаған, қазақтың әрі би, әрі ғұламасы, Орта жүздің ел ағасы болған атақты Әнет баба туралы. Мұндағы деректер мен мағұлматтар өте көне кезеңдерден бастау алып,  XVIII ғасырдың басындағы күрделі саяси жағдайларды сипаттаумен аяқталады. Кітапқа Ұлы дала тарихында айрықша із өалдырған, шиеленісті дәуірдің қиын да қызықты саяси мәселелерінің басы-қасында көрінетін, көп жағдайда үлкен жауапкершілік көтерген ірі тұлғалар арқау болады.

Еңбек соңы өшпес мұра мен аңыз қалдырған Әнет бабаның ғұмыр-баянына ықыласты ұлт тарихының шын жанашырларына арналған.

Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы. Өмірі. Шығармалар.

Жинақта Алаш қайреткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлының (Джаксылык Тюленов) баспа көрмеген, мұрағаттар мен кітапхана қорларында қолжазба түрінде сақталып келген өлеңдері, «Олжашы батыр», «Қалмақ ханы Қатаған», «Бұлбұл» сынды поэмалар (жырлары), хикаялары, естеліктері  және т.б. құнды мұрасы қамтылды.

Кітап қалың оқырман қауымға арналған.

Сартқожаұлы Қаржаубай Тас кітаптың құпиясы

Еңбекте профессор, доктор Қаржаубай Сартқожаұлының көшпелілер мәдени құндылықтарына соңғы жылдары жасалған ғылыми мақалалары жинақталған. Оның ішінде: көшпелілер тарихы, дүниетанымы, идеологиялық құндылықтары, ру-тайпалық жүйе зерттелуімен қатар, тас бетіндегі ежелгі хунну жазулары және археологиялық қазба мұралардан табылған көне түркі мәтіндері. Еңбек археолог, түркітанушы, тарихшы, әдебиетші, этнографтармен өатар жалпы көшпелілер тарихын қызықтаушы оқырмандарға арналған.

Аралбай батыр

Қазақ халқының ұлттық болмысын, этнологиясын, төл тарихын зерттеуде маңызды дерек көздерінің бірі – шежіре мағлұматтары. Кітаптың бірінші бөлімінде жазушы а.Смайлдың «Арғын тарихы» атты зерттеу еңбегі, екінші бөлімінде академик Р.Кареновтің Арғын тайпасы және Аралбай батыр жайлы тарихи-этнографиялық зерттеуі, үшінші бөлімінде Аралбай батырдың белгілі ұрпақтары жайлы деректер топтастырылған. Кітап ғалым-зерттеушілерге, көпшілік оқырман өауымға арналған.

Назаралы Әсел Бір тамшы жыр: өлеңдер

Бұл кітаптың авторын лирик ақын десек жарасады. Ғаламтордағы қазақша сайттар мен республикалық баспасөз беттерінде өлеңдері жиі жарияланып тұратын жас ақыннан үлкен үкілі үміт күтеміз. Тәуелсіз Еліміз бен Туған жерге, бүгінде өзі еңбек етіп, өмір сүріп жатқан елордамыз Астанаға арнап жазған өлеңдері оқырманның Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін оятары анық. Ақын ар-ұждан және махаббат тақырыбына да өз бетінше өзіндік ізденіспен қалам тартқан. Қорыта айтқанда, ақын оқырманын шынайы сезімге жетелей алады.

Қаракесек шежіресі

Орта жүздің Арғын тайпасы Қаракесек руының шежіресі екі кітаптан тұрады.Бірінші кітапта Бес Бошан әулетінің (Жанту, Алдияр-Күшік, Шаншар, Наманай, Қаракемпір, Үсен, құдайберлі, Байбөрі, Көшім, Қояншы, Танай, Кәрсен, Керней, Манат) таралымы, екінші кітапқа Түйте әулетінің (Әлтеке, Сарым, Қара, Шор, Майлық, Әлтөбет) және Қамбар, Жалықбас, Қырғыз аталарының таралымдары берілген. «Қаракесек шежіресінде» рудың тарихы, этнографиясы, қоныстанған мекені, саны туралы тарихи деректер, мұрағаттық құжаттар, карталар, ауыз әдебиеті нұсқалары қолданылып, ғылыми болжамдар жасалған.