Жаңа кітаптар

Асқар Алтай Дегелеңдегі қызыл күн

Балалар әдебиетіне қалам тербеген жазушының бірі-Асқар Алтай. Жазушының бұл кітабына бұрын прозалық жинақтарында жарияланбаған «Сарытау серісі», «Аютамыр», «Бөкентұмсық» сияқты әңгімелері енген. «Дегелеңдегі қызыл күн» атты әңгімесінде автор Семейдегі атом бомбасы жарылысын аңдаусызда көзбен көріп, суқараңғы соқыр болып қалған Қажымұрат атты баланың аянышты тағдырын суреттейді. Жинақ балалар мен жасөспірім оқырмандарға арналған.

Жиенбаев Сағи Көп томдық шығармалар жинағы

Армян елінің інжу – маржаны болып табылатын «Давид Сасунский» халық эпосын көрнекті ақын Сағи Жиенбаев  қазақ тіліне шебер аударған еді. Ақынның таңдамалы шығармалар жинағының IV-томына осы эпос еніп отыр.

Қасқабасов Сейіт Таңдамалы

Ғалымның таңдамалы шығармаларының төртінші кітабына фольклордың ториялық негіздері, типологиясы, жанрлық құрамы, сондай-ақ фольклорлық мұраның қазіргі мәдениетке әсері ғылыми тұрғыда зерделеніп, тұжырымдар жасалған. Ал екінші бөлімі фольклордың  арналы бір саласы –эпикалық жанрлар мәселесіне арналған. Батырлық, ғашықтық, тарихи жырлар, балладалар мен дастандар туралы бұл зерттеулер фольклортану үшін аса маңызды тұжырымдамен бағалы.

Назарбаев Нұрсұлтан Көші-қон және қазақ әлемі

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына орай жарық көріп отырған бұл кітапқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон саясатына, сондай-ақ халқымыздың мәдениеті мен тарихына, бүгіні мен болашағына қатысты сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, жарық көрген мақалалары мен бұқаралық ақпарат құралдарына берген сыр-сұхбаттары топтастырылған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Қазақ энциклопедиясы

Үкімет қаулысымен еліміздің төл энциклопедиялық баспасы құрылып, үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасыр толды. Осы уақыт ішінде баспа ұжымы қазақ және орыс тілдерінде 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы» мен 10 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, сондай-ақ көптеген салалық, пәндік, аймақтық, тұлғалық энциклопедиялар мен басқа да танымдық-анықтамалық кітаптарды, сөздіктерді жарыққа шығарды.

Сарай Әнес Шығармалары

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Сарай Әнес Төлендіұлы – «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Теңіз сарыны» дилогиясы, «Тосқауыл» романдарының авторы. Жазушының он жеті томдық шығармаларының бірінші томына «Қараша өткен соң», «Тырналар жоғары ұшқан жыл», «Бозқырау» првестері мен «Мазасыз түн», «Домбыра», «Құмдар билейді», «Қобызшы», т.б. әңгімелері ніп отыр. Тілі шұрайлы, әдеби көркем туындылар көпшілік оқырманға арналған. 

Сабырбаев Қайрат Дүлдүлдер дүбірі

Ақын Қайрат Зәкенұлының өлеңдері талғам мен таным негіздерін сипаттайтын тұшымды ойлардан тұрады. Оның өмірге көзқарасы, махаббат пен достықты бағалауы, тірлік түйіткілдерін тануы кітапқа енген шығармаларынан шынайы көрініс тапқан. Авторды өзгелерден даралап тұратын ерекшелік-дүлдүлдер дүбірін құлақ түбіне әкелер жылқы тақырыбының мейлінше сәтті сомдалуы.

Әшірбек Көпіш Мәңгілік майдан

Күні кеше ғана Уақыт қойнауына кеткен –ХХ ғасырда, бүкіл адамзаттың тағдырымен бірге, қазақ халқының өзегін жойқын тарихи- әлеуметтік сілкіністер тілгілеп өтті. Ен далада бейбіт, бейтарап өмір сүріп жатқан халық империялық күштердің отаршылдығын, әкімшілік-әміршілік кеңестік жүйе ұлттық ой-санамызды ұдайы күшпен  тойтарып отырған небір әділетсіздіктер мен қанды оқиғаларды бастан кешірді.

Қазақ афоризмдері

Кітап-тарихи-философиялық зердеміздің көкжиегін кеңейте түсетін және ұлттық рухани болмысымызды тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін өзгеше энциклопедиялық жинақтар қатарына жатады. Философиялық хрестоматия ретінде пайдалануға болатын бұл туындының анасы әдебиет болса, атасы-ой.

Шанин Жұмат Арқалық батыр

Кітапқа қазақ театры мен музыка өнерінің жұлдыздары атанған атақты актерлер Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтың, әйгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтің сахналық ұстазы болған, республикамыздың алғашқы халық артісі, тұңғыш режисері, драматург, театр қайраткері, кқзі тірісінде қазақтың Станиславскийі атанған Жұмат Шанинннің шығармашылық ой-қиялынан туған комедиялары, драмалары мен трагедиялары, әр кезде жазған мақалалары, сонымен қатар ол жайында өз замандастары мен кейінгі ұрпақ өкілдерінің жазған мақалалары жинақталып, қалың оқушы қауымға қсынылып отыр.