Жаңа кітаптар

Төрехан Майбас. Мыңқыш

 

Жазушы Төрехан Майбастың бұл кітабына бірқатар қысқа хикаяттары мен әңгімелері еніп отыр.

Ұлттық қанық бояумен суарылған этнографиялық әңгімелер мен хикаяттардың оқырмандарына берері аз емес. Өзіндік жазу машығын қалыптастырған қаламгер өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашуда психологиялық иірімдерді шебер пайдалана біледі.

Амангелді Кеңшілікұлы. Әлем әдебиетінің әңгімелері

 

Белгілі әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының «Әлем әдебиетінің әңгімелері» атты жаңа кітабы екі бөлімнен тұра- ды. «Мәңгілікпен үндесу» деп аталатын алғашқы бөлімінде аса көрнекті жазушы Герольд Бельгер мен белгілі әдебиеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл- Мұхаммедтің арасындағы риясыз достығы тілге тиек етіледі. Көлемді зерттеуде нақты деректер негізінде екі ірі тұлғаның шығармашылық және адамдық келбеті жан-жақты ашыла түскен. Кітаптың екінші бөлімінде Руми, Гоголь, Кафка, Булгаков, Акутагава, Кавабата, Мисима және тағы да басқа әлем мойындаған суреткерлер туралы эсселер мен жаһандық қаламгерлердің шығармашылығын талдаған сұхбаттары берілген.

Толымбек Әбдірайым. Тағдыр сыйы

 

Белгілі жазушы Толымбек Әбдірайымның бұл кітабына бүгінгі замандастарымыздың тағдыр-талайын, тыныс-тіршілігін арқау еткен бір топ әңгімелері, «Жұдырық», «Оралу» хикаяттары және эсселері енген.

Толымбек Әбдірайым шығармаларының әдетте оқиғасы қызықты және айтар ойы анық болып келеді. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырмандарымыздың жан дүниесін толғандырьш жүрген көкейтесті мәселелерді қопара қозғап, ұтымды да ұрымтал деталь, диалогтар арқылы ойға жетелеуімен құнды.

«Жұдырық» хикаятында туған жерін аңсап, тағдыр теперішін көрген, абақтыдан қашқан Тәкен тағдыры суреттелсе, «Оралу» повесіндегі Мейірбектің бір жыл ішіндегі басынан кешкен қилы-қилы өмірі әдемі өріледі. Әдеби эсселері де өзінің шынайылығымен, сыршылдығымен адам жанын баурайтыны анық.

Көктемде жауар құс қанатындай жаны мөлдір, ары ақша қардай кейіпкерлерімен де бұл жинақ оқырманын рухани сусындатады деген сенімдеміз.

Ғалым Әріп. Дыбыстар дірілі

 

Жинаққа ақынның жаңа өлеңдері мен толғау, дастандары енген. Автор Отаншылдық рухын арқау еткен шығармаларында ел мен жер тағдырына деген перзенттік махаббатын домбыра үніндей сезім дірілімен жеткізе білген. Әсіресе өзі туып-өскен Маңғыстау өңірінің тереңнен тамыр тартқан тарихы мен таңғажайып табиғатын ерекше шабытпен жырлайды. Бір атап өтерлігі, бұл кітапта аллитерация, ассонанс үлгісімен жазылған дүниелер топтастырылған.

Айтуар Өтегенов. Шерқала

 

Римнің алып пантеондарын еске түсіретін, Маңғыстау өлкесінің шежіре- тарихында, Шерқала тауының аңыз-әфсаналарына терең үңіле білген Айтуар Өтегенов өлеңдерімен, балладаларымен және әңгімелерімен өз оқырмандарын еріксіз елең еткізіп, зор сүйіспеншілігіне бөленген ақын. Ақ өлең мен қара өлеңнің қосындысын сәтті қолданып, жігін білдірмей жарасты үйлестіру оның шығармаларындағы тосын, ерекше жаңалық әдіс десе болады.

Жүсіпбек Қорғасбек. Мехнат һәм Хикмет

 

Хикметтің бір мағынасы ғаламның сырын түсіну болса, оған ақын- жазушылардьщ бір табан жақын болғаны хақ. Ал жазудың мехнаты бір Аллаға ғана аян нәрсе, әрине, азабын бастан өткерген адам біледі. Жүсіпбек Қорғасбектің әдеби сұхбаттары осы мехнатты жұмыстың қыры мен сырын ашуға арналған. Қазақтың сөзін ұстаған қауымның тағдыр-талайы қоса қамтылған кітап көпшілік қауымның қызығушылығын тудырар деп үміттенеміз.

Есмұхан Обаев. Бәрі...бәрі...есімде

 

Сексенге таяп қалған ақсақал бір сәт демін басып, жүріп өткен жолына бұрылып қарап, мен өзі не тындырдым, туған еліме қандай шапағатым тиді, кейінгі жас ұрпаққа қандай өнеге қалдырдым деп, терең ойға шомады екен...

Оқырман елімізге жақсы танымал, театр өнері саласының ардагері, қадірменді ұстаз-тәлімгер, қазақ сахна өнерінің қалыптасуына, биік белестерге көтерілуіне зор еңбек сіңірген автордың - актер, театр режиссері, өнер қайраткері, профессор, Қазақстанның халық әртісі, «Бас Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Барыс»,«Парасат» ордендерінің иегері Есмұхан Обаевтың аталмыш кітабына енген әңгіме-эсселерін оқи отырып, осынау сұрақтардың жауабын таба алатындығына кәміл сенгіміз келеді.

Жинақ өнер саласының мамандарына, сахна өнерін таңдаған студент жастарға, көтшілік жұртшылыққа арналған.

Талас Омарбеков. Қазақтың шығу тегі

 

Зерттеуде қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихына  қатысты бұрын назардан тыс қалып келген деректер талданған. Қазақтарды кұраған ру-тайпалық бірлестіктер мен Алаш қауымдастығының ежелгі түркілік тамырлары, олардың мемлекет құрушы ұлтты калыптастырудағы елеулі үлесі нақты айқындалған.       

Еңбек тарихшы мамандарға, этнографтарға сонымен бірге Отан тарихына қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған.

Сара Латиева. Хадиша мен Байғали

 

Бұл жинақта қазақ өнерінің айтулы тұлғалары КСРО жөне Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары, КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның халық артисі, әнші Байғали Досымжановтың көрнекті де ұлағатты өмір жолы өнердегі қос өрімдей әңгімеленеді.

Кітап нақты деректерге негізделіп жазылуымен, тақырыптың қызықты өрімімен, тілінің жатықтығымен баурайды.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Тұрсын Жұртбай. Жолы болған жолаушы

 

Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының акаде- мигі, филология ғылымдарының докторы, профессор жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Күнделіктері» - күнінің қалай өткенін есте қалдыру үшін емес, көргенін - көңіліне түйіп, соны өз елінің өмірімен, тарихымен салыстырып, пікір қорыту үшін жазылған. Тектік тамырлар суыртпақталатын терең әсерлер, тосын көзқарастар, ой орамдары, біз білмейтін не түйсіне бермейтін ғылыми ныспылар мен тұспалдар, сирек деректер көпшілік қауымның ынталы ықыласын оятары кәміл.

Жинақ әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатыны сөзсіз.