Жаңа кітаптар

Жанат Ахмадидің. Қазымбет қазы

 

Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі, этнограф-жазушы Жанат Ахмадидің «Қазымбет қазы» аталатын бұл еңбегі автордың оныншы романы. Аталған романда қазақ хандығының жоңғар-ойрат үстемдігіне қарсы аттанған ұлы жорықтары суреттеледі. Кітаптың бас кейіпкері Қазымбет қазының жалпы адами парасат болмысы, оның шешендік келбеті кеңінен ашылады. Сондай-ақ Төле би, Айте- ке, қаз дауысты Қазыбек билердің және Бұхар жырау, Әнет бабалардай абыздарымыздың дана-бітім тумыстары, олардың қазақ дәстүріне салған үлгі жолдары баяндалады. Сол сияқты қазақтың маңдайына біткен біртуар ханы Абылайдың ел бастаған күрес жолы тараудан тарауға өткен сайын ашыла түседі.

Кітаптың тілі сол замандағы қазы-би, хандардың өзіне тән афоризмдік бейнелі тіркестермен, шешендік үлгімен берілген.

Қуаныш Жиенбай. Күздің жылы жаңбыры

 

Халықаралық «Алаш», халықаралық Қазақ ПЕН клубы сыйлықтарының лауреаты, бірнеше әдеби конкурстардың жеңімпазы Қуаныш Жиенбай қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталасы, жазу мәнері қалыптасқан және өнімді жазатын қаламгер. Оның туындыларында қазіргі уақыт пен өткен кеңестік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен біте қайнасып, оқырманға көркемдік әлемінің есігін ашады.

Кейіпкерлерінің әр алуан көңіл-күйлері, психологиялық ахуалы, жан күйзелісі, тағдыр-талайы, туған жерге деген толассыз сағынышы, өмір шындығы - күллі шығармаларының негізгі арқауы болып өрілген. Жазушы қиыннан қиыстырып, адамның қолы жет- пейтін күрделі оқиғаларды сөз етпейді, өзіміз күнде көріп, күнде араласып, тіршілік ауанында күнде кездесіп жүрген қарапайым адамдардың жан-дүниелеріне тереңірек үңіле біледі, олардың арман-мақсаттары, алдан күтетін үміттері, тіпті сөйлеу мәнеріндегі ерекшеліктеріне дейін асқан шеберлікпен суреттейді.

Жанболат Аупбаев. Табиғат терезесі

 

Айтулы журналист, карымды қаламгер Жанболат Әлиханұлы Аупбаевтың «Табиғат терезесі» атты кітабына еніп отырған әрбір дүниені оқыған сайын толқисыз. Тебіренесіз. Күрсінесіз. Қуанатын тұстарыңыз да аз емес. Алайда табиғат анаңыздың тағдырына деген алаң көңіліңіз байыз таппайды. Жанболаттың жазуындағы табиғат таңғажайыптарынан жан жүрегіңізге ұя салатын таңдай қақтырарлық тағылымдар ғана санаңызға сәуле құйып, жылу дарытады. Жұбатады. Әлденеге үміттендіреді. Иландырады. Сендіреді.

«Табиғат терезесі» - Жанболат Аупбаевтың каламгерлік қарымын танытатын, оқырманның танымын дамытатын, табиғат анаға, туған жерге деген сүйіспеншілік сәуле дарытатын кітап.

Ақылбек Шаяхмет. Сенім

 

Жалпытүріктік мәдениет пен әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін Махмұт Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының ла- уреаты Ақылбек Шаяхметтің жаңа жинағына бұған дейін республика баспаларында жарық көрмеген жырлары топтастырылған.

Жыр жинағы төрт бөлімнен тұрады. Өмір, табиғат, ма- хаббат туралы жырлардың барлығының да алтын өзегі достарға, туған жер перзенттеріне деген сенім,адал жарға, келешекке деген сенім. Кітаптың «Сенім» деп аталуы да сондықтан.

Жанат Әскербекқызы. Қыш тақтадағы сына жазу

 

Бұл өлеңдер жинағына ақынның жаңа өлеңдері және орыс ақындарынан аудармалары еніп отыр.

Өлеңдер тақырыбы жағынан әр алуан. Адамзат танымындағы әлем туралы пайымдар поэзия тіліне көшіріліп, сәтті теңеу- бейнелеулермен, түрлі тұспал-ишаралармен кестеленген.

Сәрсенбі Дәуітов. Ғибратнама

 

Филология ғылымдарының докторы, Д. А. Қонаев атындағы заң академиясының профессоры Сәрсенбі Дәуітовтың бұл еңбегі айырықша тақырыпты қозғайды. Ғибратнама - бұл ескіден қалған дана сөз, бабалар сөзі, ғұламалар сөзі. Сондықтан да автордың ұзақ жылдар бойы жинаған бұл еңбегі қазақ оқырмандары үшін ерекше орны бөлек дүние болары сөзсіз.

Серикбай Байхонов. Алтай асу

 

«Алтай асу» деп аталатын деректі-көркем этнографиялық романға аты әйгілі жиһанкез ғалым Николай Михайлович Пржевальскийдің 1879-1880 жылдары Төр Алтайдағы Зайсан қаласынан басталған Үшінші Тибет сапары кезіндегі жолбасшысы Алдиярұлы Мырзаш батыр екеуі бастан өткерген қызғылықты оқиғалар арқау болған.

Аты-жөні, суреті КСРО заманында «Қазақстан тарихы» оқулығына енген Пржевальский — аңыз адам. Ал оның жеке басына қатысты тарихи фактілер жоқтың қасы. Өйткені ол - барлаушы. Жер бетіндегі көптеген саяхатшылар секілді кәдімгі барлаушы. Осыны бүгінгі оқырман біле ме?

Кезінде дүние жүзі мойындаған жаңалықтар ашқан ғалымды бүгінде көп адам жабайы түйе мен «Пржевальский жылқысын» ашқан адам ретінде таниды. Сол баяғы «Қазақстан тарихы» оқулығына енген түйе мен жылқы. Ол қандай түйе?.. Қандай жылқы?..

Аты-жөні мен суреті «Қазақстан тарихы» оқулығына енген Мырзаш батыр да аңыз адам. Осы екі аңыз адам аңызға бергісіз түйе мен жабайы жылқыны іздеп, аңыз өлке Тибетке сапар шегуі оқырман қауымды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.

Қапез Қожахметов. Қаламгер әулеті

 

«Қаламгер әулеті» атты бұл кітапты бір әулеттің ғұмырнамалық дерегі деп қана қарастырмау керек. Мұнда сол кездегі ауыл өмірі мен барлық ауыл адамдарының мінездері жатыр.

Бір әулеттің өмірінде үлгі де, өнеге де жетерлік. Сондықтан да бұл кітап әркімді қызықтыра түсетіні анық. Ал, Қапез Қожахметов болса, көп ізденіп, мол дүниені шашау шығармай және де соны көпшіліктің назарына орынды ұсынып отыр.Қаламгерлер әулетінің көпшілікке жан қуанышын сыйлары да анық.

Жұлдыз Тойбек. Кеудеме көгала үйрек келіп қонса...

 

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің элеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді»

Елдос Тоқтарбай. Жарық сәуле

 

Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары дүниеге келген, қазіргі уақытта көпшілікке мерзімді басылымдар арқылы танылып қалған жас жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың оқырман назарына «Жарық сәуле» әдеби зерттеулер мен толғаныстар кітабы ұсынылып отыр. Зерттеуші, әдебиет сыншысының әдеби зерттеулері мен мақалалары топтастырылған бұл кітабында тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің жай-күйі, даму барысы, зерттелуі, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық-саяси қызметі туралы сөз қозғайды. Автор жас қаламгерлердің шығармашылығы, әлеуеті сияқты тағы басқа өзекті мәселелерге жауап іздеп, өзінің ой-тұжырымын білдірген.