Жаңа кітаптар
Сәрсенбі Дәуітов. Ғибратнама
Филология ғылымдарының докторы, Д. А. Қонаев атындағы заң академиясының профессоры Сәрсенбі Дәуітовтың бұл еңбегі айырықша тақырыпты қозғайды. Ғибратнама - бұл ескіден қалған дана сөз, бабалар сөзі, ғұламалар сөзі. Сондықтан да автордың ұзақ жылдар бойы жинаған бұл еңбегі қазақ оқырмандары үшін ерекше орны бөлек дүние болары сөзсіз.
Серикбай Байхонов. Алтай асу
«Алтай асу» деп аталатын деректі-көркем этнографиялық романға аты әйгілі жиһанкез ғалым Николай Михайлович Пржевальскийдің 1879-1880 жылдары Төр Алтайдағы Зайсан қаласынан басталған Үшінші Тибет сапары кезіндегі жолбасшысы Алдиярұлы Мырзаш батыр екеуі бастан өткерген қызғылықты оқиғалар арқау болған.
Аты-жөні, суреті КСРО заманында «Қазақстан тарихы» оқулығына енген Пржевальский — аңыз адам. Ал оның жеке басына қатысты тарихи фактілер жоқтың қасы. Өйткені ол - барлаушы. Жер бетіндегі көптеген саяхатшылар секілді кәдімгі барлаушы. Осыны бүгінгі оқырман біле ме?
Кезінде дүние жүзі мойындаған жаңалықтар ашқан ғалымды бүгінде көп адам жабайы түйе мен «Пржевальский жылқысын» ашқан адам ретінде таниды. Сол баяғы «Қазақстан тарихы» оқулығына енген түйе мен жылқы. Ол қандай түйе?.. Қандай жылқы?..
Аты-жөні мен суреті «Қазақстан тарихы» оқулығына енген Мырзаш батыр да аңыз адам. Осы екі аңыз адам аңызға бергісіз түйе мен жабайы жылқыны іздеп, аңыз өлке Тибетке сапар шегуі оқырман қауымды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.
Қапез Қожахметов. Қаламгер әулеті
«Қаламгер әулеті» атты бұл кітапты бір әулеттің ғұмырнамалық дерегі деп қана қарастырмау керек. Мұнда сол кездегі ауыл өмірі мен барлық ауыл адамдарының мінездері жатыр.
Бір әулеттің өмірінде үлгі де, өнеге де жетерлік. Сондықтан да бұл кітап әркімді қызықтыра түсетіні анық. Ал, Қапез Қожахметов болса, көп ізденіп, мол дүниені шашау шығармай және де соны көпшіліктің назарына орынды ұсынып отыр.Қаламгерлер әулетінің көпшілікке жан қуанышын сыйлары да анық.
Жұлдыз Тойбек. Кеудеме көгала үйрек келіп қонса...
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің элеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді»
Елдос Тоқтарбай. Жарық сәуле
Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары дүниеге келген, қазіргі уақытта көпшілікке мерзімді басылымдар арқылы танылып қалған жас жазушы, зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың оқырман назарына «Жарық сәуле» әдеби зерттеулер мен толғаныстар кітабы ұсынылып отыр. Зерттеуші, әдебиет сыншысының әдеби зерттеулері мен мақалалары топтастырылған бұл кітабында тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің жай-күйі, даму барысы, зерттелуі, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық-саяси қызметі туралы сөз қозғайды. Автор жас қаламгерлердің шығармашылығы, әлеуеті сияқты тағы басқа өзекті мәселелерге жауап іздеп, өзінің ой-тұжырымын білдірген.
Ербол Шаймерденұлы. Сағым дәурен
Ақын Ербол Шаймерденұлының бұл жыр жинағы айшықты азаматтық үнімен, терең ой сарынымен, ақ адал сыршылдығымен ерекшеленеді. Адам мен қоғам туралы, өмір жайлы сезім мен сенімнен өрілген сыршыл толғаныстар шынайылығымен тартымды. Отаншылдыққа, адалдық пен арлылыққа шақыратын ойлы өлең, отты жырлар жыр сүйер қауымның жүрегіне жол табар деп сенеміз.
Ілияс Ахметұлы. «Қазақ» сөзіне тиісті деректер
Ілияс Ахметұлы (1897-1938) - XX ғасырдағы қоғам қайраткері, журналист, оқытушы, шығыстанушы, зерттеуші. Ілияс Ахметовтың «Қазақ» сөзіне тиісті деректер» атты еңбегі 1934 жылы жазылып, қолжазба күйінде сақталған. Еңбек алғаш рет латын әліпбиінен кирил әліпбиіне аударылып беріліп отыр. Бұл еңбек тарих, филология, шығыстану саласындағы зерттеушілерге және қызығушы оқырмандарға арналған.
Бейбіт Қойшыбаев. Тарих және тұлға
Жинақтан оқырман қазақ халқының қалыптасу және этностық атауы- мен мемлекеттігін кұру, бір орталыктандырылған қуатты хандық жасақтауға тырысу және отарлану кезеңдері мен патшалық тұсындағы азаттық аңсаған көтерілістер, кеңестік дәуірдегі ұлттық-мемлекеттік межелеу шындықтары, тоталитарлық кезеңнің қылмысы, алаштық идеяның өміршеңдігі жөнінде оқып танысады. Қазақ халқының көрнекті тұлғалары жайындағы зерттеулер енген. Тоталитаризм дәуірінде орын алған саяси куғын-сүргіннің шынайы болмысы, сексен жыл ілгерідегі Үлкен террор, оның қасіретті салдарлары, репрессия құрбандары турасында да әңгімеленеді.
Ұзақ жылдарға созылған отарлық заманнан соң, қазақтың елдігін тұңғыш жаңғыртқан Алаш-Орданың ғасырлық мерейтойына орай әзірленген бұл кітап зерттеушілерге, тарихшыларға, студенттер мен оқушыларға, Отанымыздың тарихымен әуестенетіндерге, көпшілік қауымға арналады.
Әнес Сарай III том
Әнес Сарай — өмір суреттеріне толы әдемі-әдемі көркем әңгіме, повестерімен оқушы жұртты өзіне қаратқан жазушы. Оның 17 томдық шығармалар жинағының I және II томдарын әңгіме-повестері құраса, III томға «Теңіз сарыны» роман-дилогиясы енді.
Роман екі кітаптан тұрады. Шығарманың негізгі өзегі — соғыс жылдарындағы тыл өмірі, Сталинград майданымен шекаралас жатқан балықшы ауылдардың соғыс жылдарындағы тірлігі. Сталинград губерниясына қарасты бір шоқ қазақ ауылы осынау майдан тірлігін бастан кешірді. Роман сюжеті осынысымен де қызық, қазақ тұрмысынан оқшау тірлігімен әрі дара, әрі тың. Қаламгер майдан іргесіндегі «Қызыл балықшы» колхозының тірлігін, ауылдағы оқиғалар мен адамдар қарекеті, мінез-құлықтарын айшықты бояулармен көркем бейнелейді.
Дүниежүзі түркологиясының тарихы
Ұсынылған хрестоматия түркология тарихына қатысты теориялық постулаттар- дың жиынтығынан, түрколог ғалымдардың зерттеулері мен есімнамадан, пайдаланылған әдебиеттерден тұратын оқу құралы болып табылады. Хрестоматияға әртүрлі елдер мен дәуірлерге қатысты түркологтардың ғылыми еңбектерінен үзінділер енгізілген, оны білу болашақ түрколог мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Хрестоматиядағы еңбектердің бір бөлігі бүгінде сирек қолданылатын библиография болғандықтан, барынша кең ауқымда ұсынылды, қалғандары қысқа нұсқада берілді.Хрестоматия «Дүниежүзі түркологиясының тарихы» (Алматы, 2016) моно- графиясына негізделіп жазылған.Хрестоматияға іріктелген ғалымдардың еңбектері сала ішіндегі зерттеулердің теориялық-әдіснамалық негізін құрайды, сондықтан қолдарыңыздағы оқу құралы тек түрколог-студенттерге ғана емес, зерттеушілер мен оқытушылар үшін де, түркология мәселесіне қызығушылық танытқан қалың оқырман үшін де өзекті болары сөзсіз.